Банк пен қаржы

«Қазақтелеком» биржадағы облигациясын 59 млрд теңгеге қайта сатып алды

Казахтелеком
«Қазақтелеком» AIX-тегі облигацияларын қайта сатып алды / Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазақтелеком» АҚ 2024 жыл соңында биржаға шығарған құнды қағаздарын бір ай өтпей жатып қайтарып алды.

«Қазақтелеком» АҚ (бұдан әрі – Қоғам) 2025 жылғы 17 қаңтарда Қоғамының
Astana International Exchange Ltd биржасында орналастырылған KTCB2.1227 (ISIN
KZX000003504) облигацияларын толық көлемде кері сатып алу жүзеге асырылғанын
хабарлайды», – деп жазылған Қазақстан қор биржасында жарияланған хабарламада.

Облигациялардың жалпы құны – 59 млрд теңге, төленген сыйақы сомасы – 0,5 млрд теңге.

Бұған дейін 2024 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақтелеком» жалпы құны 100 млрд теңге болатын облигациялық бағдарлама аясында екінші бөлімін биржаға орналастырған еді.

Ал одан бір ай бұрын AIX-ке жалпы саны 41 млн дана облигация орналастырды, әрқайсысының құны – 1000 тг. Сол кезде «Қазақтелеком» баспасөз қызметі, облигацияны биржаға шығарудан түскен қаражат инвестициялық бағдарлама мен айналым капиталын қаржыландыруға және міндеттемелерін қайта қаржыландыруға жұмсалады деп хабарлаған.

Бірақ облигацияларын қайта сатып алуға не себеп болғанын компания ресми хабарламады.

Еске салайық, 2025 жыл басында «Қазақтелеком» Tele2/Altel брендтері қарайтын «Мобайл Телеком-Сервисті» катарлық компанияға сатуды толық аяқтады. Сауда-саттық сәтті өткенін хабарлағаннан кейін, «Қазақтелеком» акциялары қымбаттап, бір күнде 7% қосты.

«Қазақтелекомның» ең ірі акционері – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Компания акцияларының 71,32%-ын иеленеді. Ал 8,1%-ы Jusan Bank-ке қарайды.