Қытайға көмір жеткізетін ресейліктердің орнын моңғол компаниялары басты
Ресейдің шикізатын импорттайтын елдер қатары азайып жатыр. 2024 жылдан бері Қытай ресейлік көмір тасушыларды моңғол кәсіпорындармен алмастыруы мүмкін деп жазады Bloomberg.
Өткен жылы Қытай рекордты көлемде көмір сатып алған. Бейжің 543 млн тонна көмір импорттаған, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға артық. Елге сырттан келген көмірдің негізгі үлесі Аустралия мен Моңғолияға тиесілі. Олар шамамен 83 млн тонна көмір жеткізді. Ал бұған дейін Қытайға негізгі көмір жеткізуші болған Ресейдің экспорты 7%-ға төмендеп, 95,1 млн тоннаны құраған.
Бейжің мен Мәскеу арасындағы стратегиялық қарым-қатынас нығайып жатқанына қарамастан Ресейдің ұтылып жатқан тұсы бар деп жазады Bloomberg. Оның көмірінің тым қымбат болуы және антиресейлік санкция салдарынан қытайлық сатып алушылар үшін тартымдылығын жоғалтып жатыр.
Есесіне Қытайға жақын болғандықтан әрі темір жол байланысын нығайтып жатқандықтан Моңғолия алға шығып келеді. Ел парламенті Моңғолиядағы басты көмір өндіруші Erdenes Tavan Tolgoi мен төрт қытайлық компания арасындағы 16 жылдық келісімге рұқсат берді. Бес жылдан кейін Моңғолияның жыл сайынғы экспорты 20 млн тоннаға дейін көбеюі керек.
Ресейлік көмір саласының жағдайы мүлде мәз емес. 2024 жылдың 9 айындағы қорытынды бойынша, осы сектордағы компаниялар 91 млрд рубль шығынға батқан. Бұл жалпы ел экономикасының үлесіндегі ең үлкен көрсеткіш.Росстат мәліметінше, саладағы кәсіпорындардың жартысына жуығы шығын көрген.
Бұған дейін көмір өндірушілер президент Владимир Путиннен көмек сұрап, ол компаниялар үшін шұғыл көмек көрсетуді тапсырған еді.
Ресейге салынған санкциялар пакеті әлі де жалғаса бермек. АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп әкімшлігі де Ресейді Украинадағы соғысты тоқтатуға мәжбүрлеу үшін санкция жоспарын әзірлеп жатыр деп хабарланған еді.