Экология министрлігі Тоқаевтың 2 млрд ағаш егу туралы тапсырмасын орындап үлгермей жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Ағаш егу жоспарын Ақтөбе мен Атырау облыстары орындамаған / Фото: kursiv.media архиві

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2027 жылға дейін елде 2 млрд ағаш егу жөніндегі тапсырмасы орындалмай қалуы мүмкін. Өйткені 2024 жылғы жоспарлы көрсеткішті елдегі екі бірдей облыс орындамаған. Бұл жайында министр Ерлан Нысанбаев айтты.

Үкімет жиынында баяндама жасаған  ведомство басшысы Президенттің көшет отырғызу бойынша нақты тапсырма бергенін еске салды. Министр 2021-2024 жылдары 736,8 мың гектарға 1 145 млн дана көшет отырғызылғанын айтты. 2024 жылы 205,2 мың гектар алаңға 306 млн дана көшет егілген. Алайда өткен жылы да межелі міндет толық орындалмады. Жоспар бойынша 336 мың гектарға 347 млн дана ағаш отырғызылуы тиіс еді.

Ерлан Нысанбаев Президенттің 2027 жылға дейін 2 млрд ағаш егу туралы тапсырмасын кешіктіріп жатқан өңірлерді атады. 2024 жылы жоспарлы көрсеткіштерді Ақтөбе, Атырау облыстары орындамаған.

«Бұл ретте 2024 жылы жоспарлы көрсеткіштер Ақтөбе (жоспар – 15,7 млн., факт – 5,0 млн. дана, 33%) және Атырау облыстарында (жоспар – 1,3 млн. дана, факт – 965,7 мың дана, 74,2%) орындалмады»,- деді  Нысанбаев.

Министр биыл 494 мың гектар алаңда 336,5 млн түп көшет егу жоспарланғанын айтты. Орман өсіру жұмыстарында кемшіліктер барын да жасырмады. Мәселен, министрлік былтыр Қызылорда, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында орман өсіру жұмыстарының сапасына тексеру жүргізген. Тексеріс нәтижесінде бірнеше кемшіліктердің бары анықталған. Атап айтсақ:  

  • орман дақылдары шығымдылығының төмендігі;
  • агротехникалық іс-шараларды сақтамау;
  • өңірге бейімделмеген екпелерді пайдалану.

 Министр ғылыми негізделген жобалардың да сақталмағанын атап өтті.

«2025 жылғы орман отырғызу жұмыстары қажетті екпелермен қамтамасыз етілген. Мәселен, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында отырғызу материалдарымен қамтамасыз ету 75%-дан аспайды. Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында отырғызу материалымен қамтамасыз ету 60%-дан төмен. Ал Ұлытау және Павлодар облыстарында орман питомниктері мүлдем жоқ»,- деп мәлімдеді ведомство басшысы.

Естеріңізде болса, 2020 жылғы жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырған. Осыған орай әкімдіктер орман қорын көбейту және орман өсірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарларын бекіткен. Оған сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмаларын кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланған.

Жоспар бойынша  1,5 млрд-тан астам ағаш жергілікті атқарушы органдардың күшімен егілуге тиіс болған. Ал 251 млн ағаш министрліктің ұлттық парктер мен табиғи резерваттар аумағында егіледі деп жоспарланған. Сондай-ақ табиғат пайдаланушылар мен өзге де бастамашыл топтармен 210 млн дана ағаш отырғызылатыны айтылған.  

Сондай-ақ оқыңыз