Жаңалықтар

АҚШ-тағы қор нарығы тұрақталды. Еуропадағы акциялар өсе бастады

Трамптың тарифтік саясатына қарамастан, Еуропадағы акциялар өсе бастады/Фото: shutterstock

Дональд Трамптың импорт тарифтеріне қатысты саясатының белгісіздігіне қарамастан, Еуропадағы акциялар өсе түсті. Рэй Далио облигациялар нарығына болжам жасады. 21 қаңтардағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.

АҚШ-тағы қор нарығы Трамптың инаугурациясынан кейін тұрақталды

CBOE құбылмалылық индексі сейсенбі, 21 қаңтар күні 5%-ға төмендеді. Желтоқсанда ФРЖ-ның мөлшерлемелерді төмендетуге қатысты сақтық саясатынан кейін индекс ең жоғары көрсеткішке жеткен-ді. Investing.com сайтының мәліметінше, Дональд Трамптың инаугурациясынан кейін бұл көрсеткіштің төмендегені байқалды.

Нарық импорттық тарифтерді көтеру мерзімінің кейінге шегерілуін оң қабылдағандай көрінеді. Бұл инфляцияның өсуіне және АҚШ-та қатаң монетарлық саясатқа әкелуі мүмкін. Желтоқсан айындағы ең жоғары деңгеймен салыстырғанда индекс шамамен 50%-ға төмендеді. Дегенмен жаңа әкімшіліктің экономикалық саясаты ұзақ мерзімді болашақтағы нарық тұрақсыздығына қалай әсер ететіні әлі белгісіз.

Кеше DOW индексі 1,24%-ға, NASDAQ 0,64%-ға, ал S&P 500 0,88%-ға өсті.

Эд Ярдени: S&P 500 индексі 2025 жылы 7000, 2026 жылы 8000-ға жетеді

Yardeni Research компаниясының президенті Эд Ярдени 2025 жылдың соңына қарай S&P 500 индексі 7000 тармаққа (қазіргі деңгейден шамамен +16%), ал 2026 жылы 8000 тармаққа (32,5%) жетеді деп болжам жасады. Оның пікірінше, нарықтың құлдырауы екіталай. Өйткені «бейби-бумерлер» байып, ақшаны жұмсап жатыр.

Оның негізгі сценарийі – «Дауылды-2020», ықтималдығы – 55%. Мұндай болжам бейби-бумерлердің байлығын пайдаланып, белсенді түрде қаржы жұмсауымен байланысты.

Ярдени үш ықтимал сценарий ұсынды: «Қарқынды-2020» – 55%, «Ыдырау-1990» – 25%, «Құлдырау-1970» – 20%. Соңғысы «бірдеңе дұрыс болмай қалса» орын алуы мүмкін. Бірақ оның ықтималдығы төмен.

Трамптың тарифтік саясатына қарамастан, Еуропадағы акциялар өсе бастады

Еуропадағы қор нарығы сейсенбі күні өсім көрсетті. Reuters агенттігінің мәліметінше, денсаулық сақтау және люкс сегменттері нарықтағы негізгі қозғаушы күшке айналды. Дегенмен, Дональд Трамп ұсынған тарифтерге қатысты белгісіздік өсу қарқынын тежеді.

STOXX 600 индексі 0,4%-ға, 525,98 тармаққа жетіп, соңғы үш айдағы ең жоғары көрсеткішке шықты. Бұл индекс қатарынан бесінші күн өсті. Денсаулық сақтау секторындағы ірі компаниялардың акциялары орта есеппен 1,5%-ға, ал Novo Nordisk компаниясының акциялары 4%-ға қымбаттады. Люкс брендтері 1,5%-ға көтерілді, ал Burberry акциялары 5,3%-ға артты. Жеке және үй заттары сегменті де алдыңғы қатарда – өсім 1,2%.

Дегенмен IG Group компаниясының жетекші аналитигі Крис Бошанның айтуынша, нарық әлі де АҚШ президенті тарифтік саясатта қатаң ұстанымға көшуі мүмкін деп алаңдаулы.

Сейсенбі күні Еуропалық Одақ АҚШ-пен келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеп, сауда қақтығыстарынан аулақ болу қажеттігін ескертті. Мұндай қақтығыстар екі тарапқа да және жаһандық экономикаға зиян келтірмек.

Рэй Далио: Бюджет тапшылығын қысқарту облигациялар нарығын тұрақтандырады

Bridgewater Associates қорының негізін қалаушы, миллиардер Рэй Далионың айтуынша, АҚШ-тың бюджет тапшылығын қысқарту облигациялар нарығын тұрақтандыруға және пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі бюджет тапшылығы АҚШ-тың ЖІӨ-нің 7,5%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш 3%-ға дейін төмендеген жағдайда облигациялар нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың арасындағы тепе-теңдік қалпына келуі мүмкін.

Қазір АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 36 трлн доллар. 2024 жылы үкімет қарыз пайызын төлеуге көбірек қаражат жұмсаған. Далионың айтуынша, бюджет тапшылығын қысқарту үшін салықтарды көтеріп, шығындарды азайту қажет.

«Басты мәселе тапшылықта емес, бөлшектенген саясатта жатыр. Қарыз көлемі тым үлкен болғандықтан, пайыздық төлемдер салық пен шығындарға қарағанда маңызды рөл атқарады», дейді ол.