Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов Мәжіліс кулуарында «әскердегі өлім-жітім қашан тоқтайды» деген сұраққа жауап берді. Журналистер мен вице-министрдің әңгімесі төмендегідей өрбіді.
«Әскер қоғамның бір бөлігі болғандықтан, қоғамдағы жағдайлар әскерде де тіркеледі. Әрине, біз өлімді азайтуға тырысамыз…
– Қорғаныс министрлігі ата-аналарға балаларының аман-есен оралатынына қашан кепілдік береді?
– Сіз бүгін үйіңізге аман-есен жетіп алатыныңызға кепілдік бересіз бе, білмейсіз. Біз білмейміз, қазір жолға шыққанда маған не болатынын…»
Сондай-ақ вице-министрден әскерде сарбаздар қарумен өзін атып, жараланып, кейде мерт болып жатқан жағдайлардың себебін, қаруды қолдану нұсқаулықтары қаншалықты үйретілетінін сұрады.
– Кез келген адам, тіпті әскерде 40 жыл жүрген менің өзім қателесуім мүмкін. Біз, әскери қызметкерлер, қаруды үлкен тәуекелмен қолданамыз. Сондықтан қандай да бір оқыс жағдайларды алдын ала біле алмаймыз. Адам ұмытып кетеді, ойға шомады, талап етілетін алгоритмді орындамауы мүмкін. Сондықтан, өкінішке қарай, трагедиялық жағдайдар тіркеледі, – деген ол әскерилерге нұсқаулық толық көлемде берілетінін жеткізді.
14 қаңтар күні Жетісу облысы Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентіндегі әскери гарнизонда жаттығу кезінде сарбазға оқ тиіп қаза тапқан. Қорғаныс министрлігінің Құрлық әскерлері оқыс оқиға туралы желіде жазылып, марқұмның ата-анасы баспасөз беттері арқылы шу көтергеннен кейін ғана ресми мәлімдеме таратты.