Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әскерде сарбаздарды атып тастау немесе өзін абайсызда атып алу, жалпы әскердегі әлімжеттік туралы сұрақтарға байланысты ойын білдірді.
Депутат әскердегі ахуалдың түп себебі жалғыз еместігін, әскер қоғам дайындап берген балаларды қабылдап жатқанын жеткізді.
«Бұл жерде тек армия кінәлі емес. Бұл жерде қоғамның да кінәсі бар. Қазір әр отбасыда екі-үш баладан артық бала жоқ. Жалғыз баласын әуектеген отбасы оны әскери парызынан алып қалуға тырысады. Ал әлем деген қандай болып жатыр, Отанды, елді кім қорғайды… Шешесінің алақанында әуектеп өскен бала қаншалықты дайын әскерге… Баланың әскерде қызмет етуге ерік-жігері, психологиясы дайын ба? Сұрақтар өте көп» деген депутат Қорғаныс министрлігінде кемшіліктер болғанымен, олар жауынгерлердің өзін-өзі атуына ешқашан мүдделі еместігін атап өтті.
Ермұрат Бапи қазір әскерде әркімнің қолындағы телефон арқылы ақпарат тез жетіп, оны қоғам қолдай кеткеннен дабыра пайда болады деген пікірде. «Әскерде өзім де талай таяқ жетік», – дейді ол.
«Әскери «уставта» мынандай сөз бар: «стойко переносить тяготы и лишения военной службы» (әскери қызметтің ауыртпалығы мен қиыншылықтарына төзімділікпен шыдау) деген. Ол антта жазылған. Біз бұл сөзді жаттап қана айтамыз да, санамыздан өткізіп айта алмаймыз. Табиғатымыздан өткізіп, отан қорғау алдындағы міндетіміздің бір бөлшегі ретінде түсініп, түйсініп айтатын болсақ, бәлкім біз болып жатқан оқиғаларға да басқаша көзқараспен қарар ма едік»,- дейді депутат.
Әскердегі ахуалға байланысты Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов «министрлік балалар әскерден аман келетініне кепілдік бере ме?» деген сұраққа жауап берген.