Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев спорт саласына байланысты қаралып жатқан заң жобасына қарсы мүдделі топтар түрлі жаңсақ ақпарат таратып жатыр, онымен тиісті мемлекеттік органдар айналысуға тиіс деген мәселе көтерді.
Депутат соңғы 6 жылда Қазақстандағы спорт саласын қаржыландыруға шамамен 1,4 триллион теңге жұмсалғанын, алдағы екі жылда тағы 1,3 триллион теңге бөлінгелі отырғанын айтады. Оның дерегінше, бұл сомалар бойынша Қазақстан Канада, Норвегия, Нидерланды сияқты елдерді де басып озады. Ал нәтиже көңіл көншітпейді.
«Әлемдік спорт рейтингінде Қазақстан 2014 жылы 25-орында болса, 2023 жылы 42-орынға түсіп қалды. Мұның басты бір себебі, спорт түрлерінің сараланбауы. Мәселен, жоғары жетістіктер спорты ретінде қаржыландырылатын бағыттардың 60%-ы Олимпиадалық емес. Бірақ олар бюджеттен ауқымды ақша алып келеді», – дейді депутат.
Депутат мәжілісте қаралып жатқан «Спорт туралы» заң жобасын осы олқылықты тоқтатуды көздейтінін атап өтті. Ол жерде жоғары жетістіктер спортының анықтамасы жазылып, бекітілген.
«Енді жоғары жетістіктер спортына – Олимпиада, параолимпиада, сурдлимпиада, азия, параазия және ұлттық спорт түрлері ғана енеді. Бұл бүгінге дейін тіркеліп кеткен 180-нен астам спорт түрін 3 есе қысқартуға мүмкіндік береді», – дейді ол.
Нартай Сәрсенғалиев заңға қарсы мүдделі топтар ақпараттық шабуылға көшіп, мемлекет спортқа ақша бөлуді тоқтатып саланы тұралатып тастамақ деген жалған айыптаулар таратып жатқанын жеткізе отырып, үкімет басшысы Олжас Бектеновке төмендегідей ұсыныстарын жолдады:
«Туризм және спорт министрлігі заң жобасына қатысты түсіндіру жұмыстарын көбейтуі қажет.
Мәдениет және ақпарат министрлігі жалған ақпарат таратып елді дүрліктірген ақпарат құралдары мен интернет қолданушыларға тиісті шара қолдануы қажет.
Спорт федерацияларының ақпараттық жұмысқа қанша қаржы жұмсайтынын тексеру керек», – дейді депутат.
Жуырда премьер-министр Олжас Бектенов те«жыл сайын Қазақстанда спортқа бөлінетін ақша өсіп жатыр, бірақ нәтиже жоқ» деп спорт саласының дамуына шүйліккен.