Binance Kazakhstan компаниясы криптовалюта фьючерстерін іске қосты. Компания былтыр Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінен (Astana Financial Services Authority, AFSA) толық реттеу лицензиясын алған.
Реттеуші лицензия берер алдында егжей-тегжей тексеріс жүргізген. Бұл Binance Kazakhstan басқаратын реттелетін платформаның фьючерстік өнімдері басқару саласындағы бүкіл талаптарға сай екенін байқатады.
Өнімді алу үшін KYC верификация процесінен өтуі қажет, оған мекенжайды растау және талаптарға сәйкестік бағалау міндеті кіреді.
Криптовалюта фьючерстері деген не?
Криптовалюта фьючерстері — бұл криптовалютаға негізделген туынды қаржы құралдары (деривативтер). Олар трейдерлерге белгілі бір криптовалютаны келісілген уақытта және алдын ала белгіленген бағамен сатып алу немесе сату құқығын (немесе міндетін) береді. Бұл келісімдер фьючерстік биржаларда саудаланады және негізінен активтің болашақтағы бағасына спекуляция жасау үшін қолданылады.
Қазақстандағы криптонарық
Қазақстанда криптобиржалардың жұмысына тек Астана халықаралық қаржы орталығы аумағында рұқсат етілген. Binance болса, Қазақстанда 2022 жылы тіркелген. Бір жыл өткен соң, АХҚО да криптовалюта саудаланатын алаң ашып, былтыр реттеуші арнайы лицензия берген.
Алайда криптоға қызығатын қазақстандықтардың басым бөлігі шетелдік сауда алаңдарын таңдап, АХҚО юрисдикциясынан тыс криптобиржаларға тіркелген. Ресми дерек бойынша, 1,5 млн қазақстандық шетелдік криптобиржаларда отыр. Сондықтан Қазақстан криптонарықты «ақылмен» реттеуге ниетті.