Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықта ұлттық валюта бағамы нығайып, доллар күрт арзандап кетті. 22 қаңтардағы сауда орытындысы бойынша USD/KZT жұбының орташа бағамы 1 АҚШ доллары үшін 520,88 теңгені құрады.
Алматы мен Астанадағы айырбастау пункттерінде доллар орта есеппен 522-526 теңге аралығында сатылып жатыр.
Tengenomika Telegram арнасының авторы Ғалымжан Айтқазин теңгенің күрт күш алуына Ресей рубльінің бағамы әсер етті деп пайымдайды. Ал рубльдің нығаюына Трамптың қызметіне кірісуі, Украинадағы соғысқа қатысты келіссөздердің басталуы сонымен қатар Ресей бюджетінің өткен айда қомақты кіріс алуы әсер еткен.
Бұл ретте сарапшы теңге тағы да рубльдің соңынан жүріп, ол нығайған соң, кұш алды деп тұжырымдайды.
«Осылайша, теңгенің рубльге қатысты кезекті синхронды қозғалысы KASE биржасындағы нарық қатысушыларының бағытын тағы да растап отыр. Бұл әсер, біз жиі байқап жүргендей, ертесі сезіледі. Қызығы, соңғы күндері мұнай бағасының біршама төмендегенімен, теңге бағамы оған ешқандай реакция білдірмей отыр,- деп жазады экономист.
20 қаңтар күні Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықта доллардың «екпіні» басылып, ұлттық валюта бағамы сәл-пәл нығайған болатын Ол күні доллар орта есеппен 529,8 теңгеден сатылды.