Банк пен қаржы

Ресейге қарсы санкцияларға іліккен қазақстандық компаниялардың қызметі тоқтатылған

Фото: kursiv.media

Қазақстанның АҚШ пен ЕО, Жапония санкциясына іліккен компанияларының қызметі тоқтатылған. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің KursivMedia ресми сауалына берген жауабында жазылған.

«Тізімге енген компаниялар не белсенді қызмет жүргізбейді, не бұрын аз сауда жасаған, қазіргі уақытта олардың қызметі тоқтатылған», – делінген ресми жауапта.

Одан бөлек, қазіргі кезде ел экономикасына айтарлықтай әсер ететін өндірістік, коммерциялық немесе басқа да қызмет түрлерімен айналысатын бірде-бір қазақстандық компания батыс елдерінің қайталама санкциясына ұшырамаған.

Үкімет санкцияға қарсы қандай шараларды қолға алған?

Қазақстан Үкіметі қазақстандық компаниялар мен жалпы елге санкциялардың таралуына жол бермеуге тырысып жатыр. Осы мақсатта АҚШ, ЕО және Ұлыбританияның арнайы өкілдерімен, сондай-ақ осы елдердің уәкілетті органдарымен тұрақты байланыс орнатқан.

«Қазақстанға қатысты қайталама санкциялардың қолданылуына жол бермеу бағытындағы жұмыстың маңызды элементі – санкциялық тауарлардың қозғалысына тұрақты мониторинг жүргізу және бақылауды күшейту, сондай-ақ мұндай тауарлардың реэкспортына жол бермеуге бағытталған қазақстандық бизнеске түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Traderadar.kz ақпараттық ресурсы құрылды, онда компаниялар енгізілген санкциялық шектеулер туралы өзекті деректермен таныса алады. Сайт қабылданған шараларды ескере отырып, тұрақты түрде жаңартылып отырады», – делінген жауапта.

Қазақстан санкция құрсауындағы Ресеймен арадағы саудаға қатысты ешқандай шектеу қоймаған. Десе де санкцияны айналып өтетін дәлізге айналмас үшін бар күшін салып отыр.

«Қазақстан Үкіметі кез-келген ықтимал тәуекелдерді мұқият қадағалап, уәкілетті мемлекеттік органдармен және бизнес қауымдастықпен жұмысты жалғастыруда, қазақстандық компанияларға қайталама санкциялардың қолданылуына жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдайды», – деп жауап берді Сауда министрлігі.

Қазақстандық қандай компаниялар санкцияға ілікті?

Кейінгі екі жылда бірнеше қазақстандық компания Ресейге қарсы салынған санцияға ілікті. Ресейге тыйым салынған жабдық тасыған Kazstanex компаниясы, санкцияны айналып өтуге көмектесті деген «КБР-Технология», CATU TECH, Elem Group компаниялары тізімге енген. Олардың арасында санкцияға бірнеше рет іліккендері бар.

Мәселен, Da Group 22 компаниясы 2024 жылдың ақпан айынан бері АҚШ-тың санкциялық тізімінде тұр. 2024 жылдың маусым айында компания Еуроодақтың 14-санкциялық пакетіне, ал биыл қаңтарда Жапонияның санкциялық тізіміне енді. Қазір компания қызметі тоқтаған.

«Айта кету керек, 2023 жылдың мамыр айынан бастап «Da Group 22» ЖШС импорттық және экспорттық қызметті жүзеге асырып жатқан жоқ», – делінген хабарламада.

Жыл басында АҚШ тағы да Қазақстандағы екі компанияға санкция салды. Олар: «Газпром Нефть» компаниясының қазақстандық еншілес кәсіпорны – «Газпром Нефть Қазақстан» мен ресейлік «Совкомфлотпен» байланысы бар UMBRA NAVI SHIPMANAGEMENT CORP компаниясы.