Жаңалықтар

Панама Трамптың үстінен БҰҰ-ға шағымданды

Панама АҚШ президенті Дональд Трамптың инаугурация кезінде айтқан сөздеріне қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымына хат жолдаған.

Америка дауысының ақпаратына қарағанда, Панаманың БҰҰ-дағы елшісі Элой Альфаро де Альба «елдердің халықаралық қарым-қатынаста кез келген мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қарсы қатер төндіруден немесе күш қолданудан қалыс қалуы тиіс» екенін алға тартты. Бұл ереже БҰҰ-ның жарғысында көрсетілген.

Бұл хат БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің атына жазылып, Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мүшесіне таратылған. Панама  – 2025–2026 жылдары аралығында Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі.

АҚШ 1999 жылы бұл маңызды каналды Панама үкіметіне қайтарып берген болатын. Дүйсенбі күні Дональд Трамп Панаманы уәдесін бұзды деп айыптады. Бұл каналды қазір Қытай пайдаланып жатқанын айтты. Панама үкіметі болса, Трамптың сөзін жоққа шығарып отыр.

«Біз оны Қытайға берген жоқпыз. Біз Панамаға бердік. Біз оны кері қайтарып аламыз», – деген еді Трамп инаугурациясында.

Сонымен қатар, АҚШ президенті америкалықтардың Марсқа ұшып, АҚШ туын тігетінін, Мексикамен арадағы шекараға әскер жіберетінін, мигранттарды жаппай елден қуып шығатынын мәлімдеген.