Картоп барлық өңірдегі дүкендерде 115 теңгеден сатылып жатыр – АШМ вице-министрі
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков елдің барлық өңірінде картоп бағасының 115-130 теңге аралығында екенін айтады. Бұл туралы министрлік өкілі Мәжіліс кулуарында айтты.
«Елде картоп жеткілікті деп жатырсыздар. Бірақ, соған қарамастан картоп бағасы 460 теңгеге жетті. Бағаны қалай реттейсіздер?», – деп сұрады журналист.
Министрлік өкілі ажиотажға байланысты әкімдіктермен мониторинг жүргізгенін, нәтижесінде барлық үй маңындағы дүкенде бағаның түсіп жатқанын айтады.
«Нарыққа картоп өнімдері тұрақтандыру қорларынан шығарылып жатыр. Өнімнің құны 115-130 теңге аралығында. Ал арнайы дүкендерде, үй маңындағы дүкендерде баға осындай. Тұрақтандыру қорлары бұл дүкендерді қажетті картоппен қамтамасыз етіп отыр. Әрине, картоптың коммерциялық бағасы да болуы мүмкін. Жуылған, іріктелген, арнайы қапталған картоптардың бағасы басқа болуы мүмкін», – деді вице-министр.
Сонымен бірге Тасжүреков картоп бағасының қымбаттауына еш негіз жоқ деп санайды. Тұрақтандыру қорларында картоп жеткілікті. Сонымен бірге картоп пен басқа да маңызды әлеуметтік өнім түрлеріне баға қымбаттамайды деп сендірді.
«Картоп бағасына экспорттық ажиотаж әсер етті. Елде картоптың қымбаттауына еш негіз жоқ», – дейді министрлік өкілі.
Сауда министрлігі бүгін, 22 қаңтарда, картоп бағасы Small және Magnum сияқты сауда желілерінде 280 және 185 теңге аралығында сатылып жатқанын хабарлады. Бұл ақпаратты нақтылау үшін Магнум дүкендер желісінің қосымшасынан бағаны тексеріп көрдік. Ол жерде министрлік белгілеген баға жоқ. Ол жерде ең арзан картоп 449 теңгеден сатылып жатыр. Ал іріктелген картоп бағасы 600 теңге. Бұдан соң, картоп бағасын дүкеннің өзіне барып, тексеріп көрдік. Ондағы құны – 157 теңге. Ал іріктелген картоп бағасы – 349 теңгеден сатылып жатыр.