Жаңалықтар

Қазақстанда көктемгі су тасқынын алдын-ала болжайтын Tasqyn жүйесі іске қосылады

Көктемгі су тасқынына қатысты алғашқы болжам ақпан айында шығарылады / Фото: kursiv.media архив

Қазақстанда көктемгі су тасқынын алдын-ала болжайтын Tasqyn жүйесі іске қосылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева айтты.

«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Су ресурстары және ирригация министрлігі, Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп су тасқынын болжауға және модельдеуге мүмкіндік беретін Tasqyn ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр», – деді миниистрлік өкілі.

Қазір жүйе жаһандық GloFAS су тасқыны туралы ескерту жүйесіне біріктірілген. Tasqyn жүйесі елдегі 135 өзен бойынша су тасқыны кезеңіне қатысты ұзақ мерзімді болжам алуға мүмкіндік береді.

Бірінші болжам шамамен ақпан айының басында, екіншісі наурыздың басында белгілі болады.

Бұдан бөлек, су тасқынының алдын алу мақсатында министрлік Есіл өзенінің Сергеев су қоймасының төменгі жағын, Жайық, Нұра өзендерінің учаскелерінде батиметриялық түсірілім жүргізген. Бұл да деректер осы маңайдағы су тасқынын алдын-ала болдауға мүмкіндік береді.

Tasqyn жүйесі қалай жұмыс істейді?

Tasqyn жүйесі арқылы су тасқынын алдын-ала болжау үшін арнайы модельдеу әдістемесі әзірленген. Оның жұмыс істеу алгоритмі келесідей: бірінші, құзырлы органдар жүйеге су айдындарындағы су деңгейі, су жіберу көлемі және гидрометеоболжам бойынша мәліметтерді енгізеді. Сол деректердің негізінде мамандар су тасқыны туралы алдын-ала болжам жасайды. Сонымен бірге су тасқынының алдын алуда халықаралық тәжірибеге сүйенбекші.

«Қазір Tasqyn жүйесі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруден өтіп жатыр. Бұдан бөлек, елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Нидерланд Су білім беру институты арасындағы меморандум аясында екі шетелдік әзірлемені пайдалана отырып, су тасқынын болжау жүйесі енгізілуде. Бұл голландиялық Delft-Fews платформасына біріктірілген Talsim неміс жүйесі», – дейді Әбдуәлиева.

Сонымен бірге су тасқынына қатысты «Қазгидромет» алғашқы болжамын ақпан айының басында береді. Содан кейін, су қоймаларының су жіберу көлемі реттеліп, су тасқынының алдын-алу шараларына кіріседі.