«СҚ-Фармация» ЖШС Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің дәрі-дәрмек бағасының негізсіз көтерілгені туралы сынға жауап берді.
«СҚ-Фармация» ЖШС дәрі-дәрмек пен медициналық құралдар сатып алу тәртібін өзгертетінін хабарлады. Мақсат – тиімді әрі уақтылы сатып алу, сондай-ақ бәсекелестікке қарсы нормаларды болдырмау. Бұл ереже отандық және шетелдік өндірушілерге де қатысты.
«Денсаулық сақтау министрлігі «СҚ-Фармация» енгізген ұсыныстарды ескере отырып, бұрынғы нормаларды қайта қарап, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру мен өткізудің жаңа қағидаларын бекітті (ҚР ДСМ 2023 жылғы 7 маусымдағы № 110 бұйрығы)», – делінген «СҚ-Фармация» ЖШС хабарламасында.
Жаңа ереже бойынша, бұдан былай өтінім болмаса, өнім берушілерден бір ғана өтінім түссе, сатып алу өткізілмеді деп танылмақ. Содан соң, дәрі-дәрмек немесе медициналық бұйымдарды өндірушілерге шақыру жіберіледі.
«Сатып алу дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілерден тікелей сатып алуға бағытталады деп пайымдаймыз», – делінген хабарламада.
Сатып алулар «Электрондық қаржы орталығы» АҚ сатып алу порталы арқылы электрондық түрде жүзеге асырылмақ. Бұл жеткізушіні таңдау кезінде адами факторды болдырмайды. Сатып алу рәсімдерінің ашық етеді.
«СҚ-Фармация» ЖШС БҰҰ-ның халықаралық ұйымдары арқылы және белгіленген шекті бағадан аспайтын дәрі-дәрмекті сатып алатынын алға тартып отыр.
Мұның алдында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі емдік құралдардың бағасы негізсіз көтерілгенін хабарлаған. Оған «Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріндегі кемшіліктер мен ведомствоға қарасты ұйымдардың жұмысындағы түйткілдер себеп» деп мәлімдеген еді.
« Дәрі-дәрмектерді жеткізу рәсімдерінің шикілігі және «СҚ-Фармация» ЖШС өндірушілерден тікелей дәрі-дәрмектерді сатып алу бойынша жеткіліксіз бағытталуы да бюджеттік қаражаттардың ұлғаюына алып келеді», – деп хабарлады агенттік.