Қазақстанның күре жолдарында қар құрсауында қалған адамдар құтқарылып жатыр
Қарлы бұрқасын Қазақстанның басым бөлігін құрсауына алды. Төтенше жағдайлар қызметі мен полиция күре жолдарда қалған адамдарды, автобус, жүккөліктері мен автобустарға көмекке келді.
Жамбыл облысында кешеден бері жолдар жабық тұр. Республикалық маңызы бар «Алматы-Ташкент-Термез» бағытында 220 ауыр жүк көлігі, 130 жеңіл автокөлік және 25 жолаушы автокөлігі Айша бибі бекетінде тоқтатылды. Жалпы, 377 адам, оның ішінде 75 жасөспірім Тараз қаласындағы темір жол вокзалына жеткізілген.
Жамбыл облысында 100-ден астам полиция қызметкерлері жүргізушілерге көмек түрін көрсетіп жатыр.
«Қарағанды-Аягөз-Боғаз» автожолының 736-шақырымында оқыс оқиға орын алды. Ақжар-Алматы бағытында жүріп бара жатқан жолаушылар автобусы жол жиегіне шығып кеткен. Оқиға орнына жедел түрде Аягөз ауданының төтенше жағдайлар қызметкерлері мен 15701 әскери бөлімінің қызметкерлері жетті. Олар 10 жолаушыны эвакуациялаған.
Абай облысында полицейлер жолдардан 65 адамды эвакуациялаған. Ауа райының нашарлауына байланысты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және іс-қимылды үйлестіру мақсатында полиция департаментінде жедел штаб құрылды.
Шығыс Қазақстан облысында да 100-ден астам көлік қар құрсауынан шығарылған.