Қызылорда облысы Шиелі ауданында 21 жастағы жігіт пен 15 жастағы қыздың некесін қиған имамға сөгіс берілген.
Cот үкімімен кәмелет жасқа толмаған қызбен төсек қатынасында болғаны үшін Нұртілеу Ибрагимов 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Орданың хабарлауынша, Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаев былтыр Шиелі ауданы полициясының хабарламасынан кейін, ауыл имамын тәртіптік кеңеске шақырғанын айтқан.
«Жас отау» көтергендердің некені тіркеу туралы куәлігі болмаған. Онсыз елімізде заң бойынша неке қиюға тыйым салынған. Қыздың анасы «оның аяғы ауыр екенін, екі жақтың ата-анасы үйленуге келісім бергенін» айтып қолқалаған соң, ауыл имамы неке қию рәсімін өткізуге келіскен.
«Алайда мұндай жағдай ақталу болып есептелінбейді. Имам еліміздің заңын бұзды. Қазақстанның барлық дін өкілі жарлықты орындауға міндетті. Оған сөгіс берілді. Егер болашақта оның тарапынан қандай да бір ереже бұзу болса, діни қызметінен шеттетіледі», – деп жауап берген Құрманбаев.
Сонымен қатар осы мәселеге қатысты облыс имамдары бас қосып жиын өткізген. Онда дін қызметкерлеріне неке куәлігінсіз неке қию рәсімін өткізуге болмайтыны жөнінде ескерту жасалған.
Айта кететін жайт, Қызылорда облысының 21 жасар тұрғыны Нұртілеумен 15 жастағы Аяланың некесі қиылған. Жігіт жас қыздың аяғы ауыр болған соң, оған үйленуге шешім қабылдаған. Бұған ата-аналары қарсы болмаған. Қыздың жасын білген дәрігерлер дереу полицияға хабарлаған. Сот оны 12 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сотталушының ата-анасы мен Аяланың өзі үкімге наразылық білдіріп отыр.
Мұның алдында Қызылорда қаласында 16 жасар оқушы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегенін жазғанбыз.