Трамп Украинадағы соғысты 100 күннің ішінде тоқтатуға тапсырма берді
АҚШ президенті Дональд Трамп Украина мен Ресей мәселесі жөніндегі арнайы өкіл, отставкадағы генерал Кит Келлогқа 100 күннің ішінде Ресей мен Украина арасындағы соғысты аяқтауға тапсырма берді.
WSJ ақпаратына қарағанда, Трамптың қолынан мұның келетіне сенетіндер аз. Әсіресе, ресейліктер.
«Жарияланымға қарағанда, сарапшылар Украина бойынша келіссөздерді Дональд Трамптың өзі жеке бақылауына алатынын айтады. Келлог келіссөздер бойынша кеңес береді. Бірақ Трампқа біреудің кеңесі керек екені күмәнді», – деп жазады басылым.
Басылымның пікірінше, Ресей президенті Владимир Путинмен мәміле жасау Трамп ойлағандай оңай нәрсе емес. Сайлау науқаны кезінде ол жанжалды 24 төрт сағаттың ішінде аяқтаймын деп мәлімдеген болатын. Сарапшылар 100 күннің ішінде бұл соғысты тоқтату қазір мүмкін емес екенін айтады.
Өткен сәуір айында «Америка бәрінен жоғары» атты трампшыл саяси институт Украинадағы соғысты аяқтау жоспарын жариялаған. Кит Келлог бұл жоспардың авторларының бірі болды.
Жоспардың мақсаты – Украина мен Ресейдің бейбіт келісімді дереу бастауға мәжбүрлеу. Ол үшін «қамшы мен бәліш» тәсілін қолдану көзделген. Яғни, қысым мен қолдау қатар жүрмек. Мәселен, Украина келіссөзден бас тартса, АҚШ әскери көмекті қысқартып тастамақ. Ал Ресей көнбесе, Вашингтон Киевке көмегін үйіп-төгетін болады.
Украиналықтар Ақ үйдің жаңа қожайыны Трамп соғысты тоқтата алады деп сенеді. Киевте орналасқан халықаралық әлеуметтану институтының сауалнамасының қорытындысы бойынша, ел тұрғындарының 45 пайызы Трамптың жеңісі атыстың тоқтауына әкеледі деп есептеп отыр.
Мұның алдында АҚШ президенті қызметіне жаңа кіріскен Дональд Трамп инаугурациясында өзін «бітімгермін» деп атаған болатын.