ЛГБТ өкілдері мен сыбайластары депутаттарға және олардың отбасы мүшелеріне ақпараттық шабуыл жасап жатыр. Осылай мәлімдеген мәжілісмен Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-ны қолдағандарды жазалауды талап етті. Тіпті қос жыныстылардың саясатын қолдамаған АҚШ президенті Дональд Трамптың да сәлемін жеткізді.
Дональд көкеден жалынды сәлем…
Жаңбыршин алдымен АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың билікке келген бойда екі жынысты, яғни тек ер мен әйел жынысын заңмен «шегеленгенін» еске салды.
«Бұл – ЛГБТ-ға, яғни табиғи жаратылысқа қарсы жынойнақ топтарға біз түгілі, енді АҚШ-та заңмен тыйым салынады деген сөз. Бұл жаңалық Батысты өздеріне қорғаушы санап жүрген қызтекелерге төбелерінен жай түскендей болғаны анық. Осы тұста, барлық қызтекелерге «Дядя Дональдтан» жалынды сәлем!»,- деді Жаңбыршин депутаттық сауалында.
ЛГБТ туралы заңды шенеуніктер неге қолдамады?
Жаңбыршин Трамптың шешімі Мәжіліс депутаттарының ЛГБТ-ға қарсы ұстанымымен ұштасып отырғанын айтады.
«Біз Мәжіліске келгелі бері ұлтымыздың болашағына балта шауып жүрген азғын жолмен күресіп келе жатырмыз. Оған қоса, ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды көздейтін арнайы заң нормаларын да әзірледік. Алайда осыған кейбір шенеуніктер батыс елдері өкілдерінің «демократияны шектеп жатырсыңдар», «адам құқығын таптап жатырсыңдар» деген ұстанымдарын желеу қылып, қарсылық білдірді»,- дейді.
Мәжілісменнің айтуынша, ЛГБТ өкілдері және олардың сыбайластары депутаттар мен олардың отбасыларына әлеуметтік желіде, БАҚ беттерінде жаппай ақпараттық шабуылдар ұйымдастыра бастаған.
«Бірақ бұл күресте біз жалғыз қалған жоқпыз. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар, жалпы қоғам бізді қолдап E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялады. Небәрі 2 аптада петиция 50 мың қол жинағанын білеміз»,- деп толықтырды депутат.
Осы орайда Жаңбыршин Премьер-Министрге және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына нақты ұсынысын жеткізді. Ол Үкіметке жоғарыда аталған петиция талаптарын толық қанағаттандыруды, соған сәйкес тиісті шаралар қарастыру керек екенін айтты. Бұдан бөлек, ЛГБТ-ны қолдап, депутаттарға ақпараттық шабуылдар ұйымдастырған тұлғаларды тауып, жазалауды ұсынды.
Еске сала кетсек, премьер-министрге депутат Ринат Зайытов депутаттық сауал жолдап, ЛГБТ ұйымын экстремистік ұйым ретінде танып, Қазақстан аумағында тыйым салуды ұсынған болатын. Депутат мұндай бірлестіктерді «жауыз ұйым» деп бағалап, олардың қазақ жастарын азғындатып, ел болашағының тамырына балта шапқысы келетінін айтқан. Ал Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет 2025 жылы мұндай бірлестіктердің жұмысына қатысты ғылыми зерттеу жүргізеді деп жауап берген болатын.
Ал мұның алдында Қазақстан Ата-аналар одағының жетекшісі Бағила Балтабаева петиция жариялап, оған 50 мыңнан астам адам қол қойған болатын. Автор Өзбекстан мен Ресей секілді Қазақстанда да қатаң заң талаптарын енгізіп, ондай ұйымдарды насихаттауға заң негізінде тыйым салуды сұрады.