Жаңалықтар

Алматылықтарды дүрліктірген жер сілкінісіне 1 жыл. Осы аралықта не істелді?

Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылғы 23 қаңтарға ауған шақ, нақты айтқанда 00:09-да Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Көптен бері болмаған зілзаладан жұрттың зәре құты қалмады. Ескерту, дабыл жүйесі істемей, көпқабатты үйдің тұрғындары қайда барарын білмей, қаңтардың суығында сабылып далада жүрді. Қаладан кетіп қалғандар, сол кеткеннен мол кетіп, біржола көшіп кеткендер де бар. KursivMedia осы бір жылдан бері қандай жұмыстар істелгеніне шолу жасады.

Ақпараттық жұмыс пен жер сілкінісіне дайындық

Алматы сияқты сейсмикалық жерде зілзалаға дайын болу, зілзала кезіндегі қарапайым ережелерді білу аса маңызды. Осы орайда төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісі кезінде әркім қаперде ұстауға тиіс 10 қарапайым қадамды ұсынды:

1. Жер дүмпуі кезінде үрейленбеңіз;
2. Жер сілкіну кезінде лифт және баспалдақ қолданбаңыз;
3. Жиhаздан, терезеден арырақ тұрыңыз;
4. Жасырынатын жерді табыңыз – жоғарғы қабаттарда негізгі іргелі қабырғалардың бұрышында орын алып жасырыңыз;
5. Ғимараттан шығыңыз (төменгі қабаттарда);
6. Кетер алдында суды, газды, электр қуатын мүмкіндігіңізше өшіріңіз;
7. Дабыл шабаданын алыңыз (алдын ала дайындау қажет);
8. Электр желілерден, ғимарат, ағаштардан аулақ болыңыз;
9. Жер сілкінуіне дайын болыңыз;
10. Қарт адамдарға, балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіңіз;

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары үйде әрдайым дабыл шабаданы дайын тұруы керек екенін ескертеді. Ол тек жер сілкінісінде ғана емес, су тасқыны, өрт сияқты өзге де оқыс оқиғалар кезінде жылдам жиналуға көмектеседі. Оған төмендегідей қажеттіліктер кіреді:

– құжаттар мен ақша;

– дәрі-дәрмек қобдишасы;

– бір адамға тәулігіне 3-4 литр есебімен су;

– консервілер мен жоғары калориялы тағамдар;

– жеке гигиена құралдары;

– жылы киім мен көрпе;

– радио қабылдағыш;

– батарейкасысен фонарь;

– сіріңке;

– ысқырық салып.

Дабыл жүйесі

Былтырғы жер сілкінісі кезінде ескерту жүйесі істемей қалғаннан кейін, қала әкімдігі бірнеше рет жер сілкінісі туралы хабарлау жүйесін сынақтан өткізді. Көшелерде дабыл соғылып, теле және радио арналарда хабар тарату үзіліп, ақпараттық нұсқаулықтар таратылды. Телефондарға «президенттік дабыл» хабарламалары жіберілді.

Одан бөлек Алматы әкімдігі қаланың сейсмикалық ахуалын бағалау үшін ғылыми зерттеу жасайтнын хабарлады. Ол жерде қаланың геологиялық-тектоникалық, гидрогеологиялық, сейсмологиялық және геофизикалық ерекшеліктері зерттеледі. Бұл жұмыстарға әкімдік 1,3 млрд теңге бөліп отыр. Сондай-ақ қала басшылығы жер сілкінісін ерте анықтайтын 70 станция сатып алатынын мәлімдеді.

Жойқын жер сілкінісі кезіндегі алгоритм

Қабылдау пункттері

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті KursivMedia-ға жолдаған жауабында ірі жер сілкінісі кезіндегі алгоритмге сай, баспанасыз қалған азаматтар алдымен жақын маңдағы зардап шеккен халықты қабылдау пункттеріне баруы керектігін айтты. Ол жерде эвакуациялық комиссия тұрғындарды қайда және қандай көлік түрімен жіберуді анықтайды.

Департамент дерегінше, көпқабатты үйлерде QR-коды бар ақпараттық тақтайшалар орнатылған. Оларды смартфон камерасы арқылы сканерлегенде, жақын маңдағы қабылдау пункттері көрсетіледі. Одан бөлек, қабылдау пункттері туралы ақпарат 2GIS қосымшасында және Алматы қаласы ТЖД мен аудандық әкімдіктердің ресми сайттарында орналастырылған.

«Қалада төтенше жағдай бола қалса, баспанасыз қалған халық үшін 384 қабылдау пункті ашылады. Бұл пункттер негізінен білім беру мекемелері, жоғары оқу орындары, стадиондар базасында орналастырылады. Пункттерде тіркеу, уақытша орналастыру, қажетті заттармен (су, азық-түлік, киім-кешек) қамтамасыз ету, көлікке отырғызу және қауіпсіз аймақтарға шығару ұйымдастырылады», -дейді департаменттегілер.

Фото: Алматы ТЖД

Эвакуация пункттерінде халықты жинау, тіркеу және уақытша орналастыру жүргізіледі. Тұлғаны тіркеу кезінде жеке куәлігі жоқ адамдарға эвакуациялық куәлік беріледі. Бұл құжатта адамның аты-жөні, туған күні және ЖСН (егер ол белгілі болса) көрсетіледі. Қажетті заттармен (су, азық-түлік, киім-кешек) қамтамасыз ету, көлікке отырғызу және қауіпсіз аймақтарға шығару ұйымдастырылады.

Шатырлы лагерь

Алматының төтенше жағдайлар департаменті баспанасыз қалған халыққа «Төтенше жағдайлар министрлігінің «Алатау» оңтүстік жедел базасы далада арнайы шатырлы лагерь құратынын айтады.

«Шатырлы лагері баспанасыз қалған тұрғындарды төтенше жағдай аймағынан басқа қалалар мен елді мекендерге жібергенге дейін уақытша орналастыруға арналған. Лагерь Алматы қаласы Түрксіб ауданы Сүйінбай көшесі 248В мекенжайындағы бос жерде орналасады. Лагерді құру уақыты – 12 сағат. Оларда 10-нан 40 адамға дейін сыятын болады. Олар төсек-орынмен, жеке гигиена заттарымен, қыс мезгілінде жылытуға арналған пештермен және электр генераторларымен жабдықталады. Лагерь 50 мың адамға арналған», – делінген департамент жауабында.

Фото: Алматы ТЖД

Одан бөлек лагерьде медициналық және психологиялық көмек, қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, тамақтандыру ұйымдастырылады. Азық-түлік қоры мемлекеттік материалдық резервте сақталады.

Алматы қаласында Төтенше жағдайлар департаментінің Қиын жағдайлар медицинасы орталығының және Алматы қаласы әкімдігінің Құтқару қызметінің екі мобильді дала госпиталі бар. Олар тәулігіне 500 адамға дейін, оның ішінде хирургиялық көмек көрсетуді автономды түрде 15 тәулік бойы қамтамасыз ете алады.

Эвакуациялық комиссия лагерьге жиналған халықты көрші облыстарға орналастыру алгоритмін әзірлеген. Халықты қала сыртына автомобиль және теміржол көлігі арқылы шығару қарастырылған.