Air Astana әуежайда қалып кеткен Зеренің анасына өтемақы төледі
Air Astana әуе компаниясы әуежайда қалып қойған 12 жастағы Зере Ғалиеваның анасына 5 млн теңге теңге өтемақы төледі. Бұл туралы отбасының адвокаты Данилхан Шағатаев Telegram арнасында мәлім етті.
Данильхан Шағатаев компания әкімшілік айыппұл мен моральдық зиян үшін өтемақыны қоса алғанда, жалпы 8 692 000 теңгеге шығындалғанын айтады.
«Қуанышты жаңалықты жеткізгім келеді. Баланың анасы сот шешімі бойынша барлық өтемақыны, оның ішінде сот шығындарын толық көлемде алды. Air Astana сот шешімін мәжбүрлеп орындауға жеткізбей, толығымен орындады. Біз бұл нәтижеге өткен жылдан бері жеттік. Біраз жүйке жұқарып, жұмыс істелді, бірақ ең бастысы – оң нәтиже бар», – деді адвокат.
Құқыққорғаушының сөзінше, бұл резонанс тудырған іс жолаушылар тасымалының қолданыстағы заңнамасына, сондай-ақ FlyArystan әуе компаниясының ішкі ережелеріне өзгерістер енгізуге себеп болған.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың тамызында FlyArystan әуекомпаниясы кәмелетке толмаған Зере Галиеваны рейске жібермей, әуежайда жалғыз қалдырған болатын. Компания ұшу құжаттарының дұрыстығына қарамастан, Зеренің құжаттарын рәсімдемей әуежайда жалғыз қалдырған. Компания өкілдері Зеренің уәкілетті ұстазына бұл жағдайдың техникалық ақауларға байланысты туындағанын айтып, жағдай реттелген соң, баланы ұшаққа отырғызатынына сендірген. Алайда 12 жастағы қыз сол күні Астана әуежайында жалғыз қалып қойған.
Осыдан кейін Air Astana әуе компаниясына 3,7 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салынған.
Жуырда сот әуе компаниясының аппеляциялық шағымын қанағаттандырмай, Зеренің анасына 5 млн теңге өтемақы төлеу туралы шешімді өзгеріссіз қалдырған.