Жаңалықтар

Қырғыз депутаты ел астанасын Бішкектен Асман қаласына көшіруді ұсынды

Фото: shutterstock

Қырғызстан парламенті – Жоғарғы Кенештің отырысында депутат Бақытбек Марипов Бішкектегі түтінмен күрес мәселесін қарастырып болған соң, мәселені шешудің басқа жолын ұсынды. Бұл туралы 24.kg сайты жазды.

Оның айтуынша, Бішкекті қос басты мэр басқарса да ел астанасындағы түтін мен кептеліс мәселесін шеше алмайды. Депутат сондықтан астананы ауыстыру қажеттігін айтып, жаңа астана орны ретінде Асман қаласын ұсынды.

«Ыстықкөл облысында Асман қаласы салынып жатыр. Бұл жобаға 10 миллиард доллар инвестиция тартылуда. Ал Бішкектен теміржолды көшіруге 550 миллион доллар қажет. Егер айналма жол құрылысы қосылса, бұл сома 1 миллиард доллардан асады», – дейді депутат.

Бақытбек Мариповтың пікірінше, Бішкекте, ондағы министрлер кабинетін көшіргенде ғана қалада кептеліс болмайды.

Бұған дейін Иран президенті ел астанасын Тегераннан оңтүстікке қарай көшіру ісін тездетуді тапсырған. Сондай-ақ Индонезия астананы Джакарта қаласынан Нусантра қаласына көшіргелі жатыр.

Айта кетейік, қырғыз парламенті жуырда қоғамдық орындарда никаб кигені үшін 20 мың сомға (119 мың теңгеге) жуық айыппұл салатын заң жобасын қарастырып жатқанын жазғанбыз.