Жаңалықтар

Шыршадан құлап жарақат алған мұғалімнің оқиғасы. Берік Асылов істің барысын баяндады

Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бас прокурор Берік Асылов жаңа жыл қарсаңында шырша безендіру кезінде құлап, ауыр жарақат алған семейлік мұғалімнің ісі бойынша мәлімет берді. Тергеудің мән-жайы бас прокурордың мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың сауалына жолдаған жауабында баян етілген.

Берік Асылов мұғалім Қуат Айтқалиевтің жарақат алу фактісі бойынша қалалық Полиция басқармасы ҚК-нің 632-бабының 4-бөлігі (ауыр зардаптарға əкеп соққан билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын атап өтті.

Тергеу барысында мұғалімдерді кəсіби міндеттерімен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берген қала əкімінің орынбасары А. Хамзаев күдікті ретінде танылды. Сонымен қатар шыршаны безендіруге басқа да мұғалімдерді заңсыз тартуға жол берген мектеп (№19 жəне №40) директорлары (А.А. Жүнісова мен Г.Е. Сүлейменова) сөгіс түріндегі тəртіптік жауапкершілікке тартылды жəне Білім бөлімінің басшысы (Б.З. Булабаев) қызметінен босатылды” делінген бас прокурордың жауабында.

Бұдан бөлек Абай облысының Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті білім беру мекемелерінің басшылары ӘҚБтК-нің 409-бабы 7-3-тармағының 1-тармақшасы бойынша əкімшілік жауаптылыққа тартылған.

Берік Асылов Еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті жазатайым оқиға бойынша жұмыс берушінің кінəсі толық дәлелденгенін айтып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру прокуратураның бақылауында екенін жеткізді.

Бұған дейін мұғалімнің жары Сымбат Аянқызы Kursiv.Media тілшісіне еңбек инспекциясы тексерісінің нәтижесі шыққанын айтқан.

Ескерте кетейік, жаңа жыл қарсаңында Семейде №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев қалалық шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап, басынан ауыр жарақат алған. Дәрігерлер науқастың бас сүйегінің жартысын алып тастаған. Оның орнына екі айдан кейін пластик қойылады.