Астанадағы «Small» мен «Spar» супермаркеттерінде бір адамға 5 келі ғана картоп сатылып жатыр. Астана әкімдігі осындай шектеу енгізді.
Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы хабарлауынша, бұл шара картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қабылданған.
«Өнімді көтерме бағада сатып алуды болдырмау мақсатында «Small» және «Spar» желілерінің сауда нүктелерінде картопты бір адамға 5 килограмнан артық сатуға уақытша шектеу енгізілді», – делінген хабарламада.
Әкімдік қалада картоп жетіспеушілігі жоқ деп сендіреді. Өнім қаланың сауда желілері мен базарларында толып тұр.
Соңғы аптаға картоп күрт қымбаттап кетті. Алайда Ауыл шаруашылық министрлігі әлеуметтік дүкендерде баға 115 теңге деп сендірді. Тұрақтандыру қорларындағы өнім әлеуметтік дүкендерге жеткізіліп жатыр. Онда 62 мың тонна картоп сақталған.
22 қаңтарда Сауда министрлігі картоп бағасы Small және Magnum сияқты сауда желілерінде 280 және 185 теңге аралығында сатылып жатқанын хабарлады.