Банк пен қаржы

Қазақстанды 2025 жылы қандай сын-қатер тосып тұр?

Фото: shutterstock

Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) 2025 жылғы «Ғаламдық тәуекелдер туралы есебін» (Global Risks Report 2025) жариялады. Бұл есепте Қазақстанды алдағы жылдары ірі 5 сын-қатер тосып тұрғаны жазылған. Солардың арасында қарулы қатығыс қаупі тізім басында тұр.

ДЭФ-тің есебіне сәйкес, Қазақстан алдағы екі жылда қарулы қақтығыс қаупі ең жоғары 12 елдің қатарына кірген. Алдағы уақытта мемлекетаралық, ішкі қақтығыстар, прокси-соғыстар және төңкерістер қаупі жоғары.

Одан кейін экономиканың тоқырау қаупі келеді. Қазақстан экономикасын рецессия мен стагнация күтіп тұруы ықтимал. Оның халықтың тұрмысына тигізер әсері елеулі болмақ.

Үшінші қауіп – су тапшылығы. Су тапшылығы Орта Азия елдері үшін өзекті мәселе екені белгілі. Алдағы жылдары бұл мәселе ушыға түспек.

Кедейлік пен теңсіздік те басты сын-қатердің арасынан орын алған. Сарапшылар алдағы уақытта елдегі әлеуметтік теңсіздік тереңдей түседі деген болжам жасайды.

Бесіншісі – инфляция. Қазақстанда инфляция 2023 жылдың басында 20 пайыздан асып кеткен еді. Ел үкіметі оны бір жылда екі еседей түсірді Ал 2024 жылы ақырындап баялап келген инфляция жыл соңында қайта қарқын алып 8,06 пайызды құрады. Ал бағаның өсуі халықтың әл-ауқатына теріс әсер етеді.

Ғаламдық тәуекелдер туралы есеп серіктес институттардың көмегімен жазылады. Қазақстан тарапынан серіктес институт ретінде – «Стратегиялық бастамалар орталығы» ЖШС (Center for Strategic Initiatives LPP) қатысқан. Бұл ұйымның құрылтайшысы – «CSI GROUP» ЖШС, ал оның негізгі иесі – Олжас Құдайбергенов. Есепке Ербол Төлегенов, Сымбат Әлиасқарова мен Олжас Құдайбергенов үлес қосқан.