Қазақ тілінде сөйлейтін виртуалды робот жарыққа шықпайтын болды ма: AI-Sana деген қандай бағдарлама?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Екі жыл бұрын «Тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілген. Сол тұжырымда негізінде елімізде «Айсана» атты виртуалды робот әзірленуі тиіс. Құжат түсіндірмесінде ол Google-дегі Google Assistant, Apple-дегі Siri, Yandex-тегі Алиса сынды жұмыс істейтіні жазылған еді. Тұжырымдама жобасы талқыға шыққанда, бұл витуралды робот қазақ тілінде сөйлеп, жауап беретіні айтылған.

«Қазіргі уақытта дыбыстық көмекші әзірлеудің маңызы зор. Бүгінде көпшілікке танымал «Алиса», «Alexa», «Cortana» мен «Siri» тәрізді өнімдер мәтінді пернетақта мен тінтуірді пайдаланбай енгізу, қолданушының ауызша командасы арқылы қажетті сайт, ақпарат, бағдарламаларны жылдам қол алу, еске салу, қоңырау шалу, хабарламалар жазу, жаңалықтарды дыбыстау, «ақылды үй» функцияларын орындау, тіпті жасанды интеллектінің арқасында жетіліп, адаммен толыққанды диалог орнату мүмкіндігіне ие болды. Осы ретте отандық «Айсана» виртуалды роботын әзірлеу жұмыстары жүргізіледі», – деп жазылған тұжырымдамада.

Витуалды робот шығару үшін әлемдік ІТ-компаниялармен келісімге отыру, меморандумдар жасау жоспарланған болатын.

Расында қазақ тілінде сөйлейтін виртуалды робот жарыққа шыға ма?

Осы ретте KursivMedia уәкілетті министрліктен оның қандай жүйе негізінде жұмыс істейтінін және қанша қаржы жұмсалатын сұрап сауал жолдаған.

Тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеген – Ғылым және жоғары білім министрлігі. Вице-министр Динара Щеглованың қолы қойылған жауаптан Ai-Sana деген Siri мен Алисаның баламасы емес екеніне көз жеткіздік.

Ai-Sana – виртуалды робот емес

Министрлік берген жауапта Ai-Sana жобасы ешқандай да виртуалды робот емес екені жазылған. Ол – студенттерге арналған білім беру бағдарламасы. Бағдарлама көмегімен 100 мың студентті оқыту жоспарланып отыр.

«Ai-Sana – жасанды интеллект. Бағдарламалау, бизнес-модельдеу және көшбасшылық саласындағы негізгі дағдыларды меңгерген 100 мың студентті даярлауға бағытталған озық білім беру бастамасы. Бағдарлама әлемнің жетекші сарапшыларының қатысуымен әзірленіп жатыр, бұл оны елдің зияткерлік капиталын қалыптастырудың бірегей құралына айналдырады», – делінген жауапта.

Аталмыш бағдарламаның мақсаты – университеттерді ғылыми-зерттеу орталықтарына айналдыру, сондай-ақ DeepTech-стартаптардың дамуын қолдау.

«Бірегей оқу материалдарын жасауға, нақты стартаптармен байланысты жобалық жұмыстарға және оларды кейіннен жеделдетуге ерекше назар аударылады. Мұндай тәсіл практикалық дағдыларды дамытуға ықпал етіп қана қоймай, Қазақстанның стартап-ұлт ретінде қалыптасуына жағдай жасайды», – дейді минитрлік,

Бағдарламаны кім жасайды?

Ai- Sana бағдарламасынының операторы ретінде «Ғылым қоры» АҚ белгіленген. «Ғылым қоры» бағдарлама табысты жұмыс істеу үшін халықаралық әріптестер және жеке сектормен ынтымақтастық орнатпақ. Инновациялық бағдарламаны қаржыландыру мәселесі әлі пысықталып жатыр.

«Инновациялық жобаны білім беру технологиялары саласындағы әлемдік деңгейдегі танымал сарапшы – осыған дейін Стэнфорд жоғары мектебінің бас технологиялық директоры және қауымдастырылған деканы қызметін атқарған Пол Ким басқарады. Оның мол тәжірибесі мен көшбасшылық қасиеттері озық технологиялық шешімдерді енгізуді қамтамасыз ете отырып, жобаны жаһандық деңгейде іске асырудың кепілі болады», – делінген жауапта.

Яғни, бұл жоба тұжырымдамада жазылған негізгі бағытынан ауытқып кеткен. Студенттерге арналған білім беру бағдарламасына айналған. Оның нақты қашан жүзеге асатыны да белігісіз. Өйткені министрлік әлі қаржы бөлу мәселесін шешпеген.

Сондай-ақ оқыңыз