Қазақстанда пиротехниканы сатуға тыйым салу талап етілді. Бұл туралы петицияны E-Petition сайтына Әлібек Мусин жария еткен.
Ол петицияда отшашудан, өрттен болатын физикалық және экологиялық зиянға және отшашу дыбыстарынан жануарлардың қандай күйзеліске ұшырағанына шағымданған.
Өтініш Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа жолданды. Автор Жаңа жыл мерекесі кезінде Қазақстанда 63 адам, оның ішінде 20 бала пиротехникадан зардап шеккені туралы статистиканы келтірген.
Петиция авторы бірнеше дәлелмен бөліскен:
- Адамдардың от шашуды ату кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамауы;
- Көмірқышқыл газы, көміртегі тотығы, азот, күкірт диоксидін қоса алғанда әртүрлі улы заттар ауаға тарайды;
- Отшашу жабайы және үйдегі құстар мен жануарларды қорқытады;
- Отшашу ұшқыны ашық терезелерге немесе балкондарға түссе, өрт пайда болады.
«Бұл петицияны мұқият қарауды және бес минуттық шаттық үшін адам өміріне қауіп төнетінін ескеруді сұраймын», – делінген петицияда.
Қазақстанда 2024 жылғы сәуірде Е-Рetition сайты пайда болды. Бұл билік ресми қарайтын петиция жүйесі. Осыған дейін бұл жүйеде қандай өтініштер жариялауға болмайтынын жазған едік.