Ресеймен шекарадағы бекеттің құрылысына Назарбаевтар әулетінің қандай қатысы бар?
Қазақстанның солтүстігіндегі Ресеймен шекарасында салынуы тиіс болған 20 бекеттің құрылысы әлі күнге аяқталмаған. «Ратель» басылымының жазуынша, олардың уақытында берілмеуіне Назарбаевтардың біріне тиесілі болған компания жауапты.
Басылымның жазуынша, 21 қаңтарда шекара қызметі мамандарымен кездескен Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин қауіпсіздік күштерімен бірге Солтүстік Қазақстан облысындағы шекара қызметі департаментіне барғанда көргендерін айтқан.
Осы жиынға келгендердің қатарында ҰҚК төрағасының орынбасары әрі шекара қызметінің директоры Алан Алдажұманов та бар. Мәселені талқылау кезінде ол шекара қауіпсіздігін сақтау үшін солтүстікте 50 шекара бекеті мен 20 бөлімшені салу көзделгенін айтты. Бұл туралы 2023 жылы жоспар бекітілген. Осы мәселені айта келе ол құрылысқа жауапты мердігер компаниялардың қызметін дұрыс атқармай жатқанына шағымданған.
«Анықтама үшін айта кетсек, «Tolagai 2050» ЖШС қажетті жұмыстың 60%-ын, «Kapital construction» ЖШС 80%-ын ғана орындаған. Әртүрлі алаңдарда бірнеше рет өткізілген кеңестер, көшпелі отырыстар, Көлік министрлігі мен мердігерлердің өкілдерін тыңдау, айыппұл санкцияларын қолдану оң нәтиже бермеді. Осылайша объектілерді тапсыру мерзімі 2025 жылға ауыстырылды. Бұл жағдай елдің солтүстік шекараларының қорғаныс қабілетін нығайтуға бөлінген бюджет қаражатын ұтымды пайдалану жөніндегі жұмысты нөлге дейін төмендетеді», – деді шекара қызметінің директоры.
Алдажұманов атап өткен «Tolagai 2050» ЖШС-ға 2020-2022 жылдар аралығында 49% үлеспен Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Болатқызы Назарбаева иелік еткенін осыған дейін жазған едік. Компра жүйесінің ақпаратына сүйенсек, қазір компанияның жалғыз құрылтайшысы – Оразхан Жанысбеков деген азамат.
Компра жүйесінің ақпаратына сүйенсек, дәл қазір Ақбота Назарбаеваның атына тіркелген екі компания бар. BN-E Capital Group және Asiabet компаниялары. Алғашқысы Алматыдағы 10-ықшам ауданында тіркелген, сауда-саттықпен айналысады. Ал Asiabet компаниясы құмар ойындар мен бәс тігу шараларын ұйымдастырады. Ашық дереккөздерінде екі компанияның да, салық деректері көрсетілмеген.