АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трампқа 2024 жылы жазда қастандық жасалған болатын. Осы шабуыл кезінде оны құтқарып қалған АҚШ құпия қызметінің агенті Шон Карран осы ведомствоның басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы президенттің өзі әлеуметтік желіде жазды.
«Ол өз өмірін қатерге тігіп, мені Пенсильвания штатындағы Батлердегі шабуылдаушыдан құтқаруға көмектесіп, батылдығын дәлелдеді. Шон Америка Құрама Штаттарының Құпия қызметін бұрынғыдан да күшті ететініне толық сенімдімін», – деп жазды Трамп.
Карран 2001 жылдан бері АҚШ Құпия қызметінде жұмыс істеп келеді. Трамптың алғашқы президенттік қызметі кезінде оның резиденцияларында қауіпсіздікті күшейту жоспарын жасап, содан кейін бірнеше жыл Трамптың отбасын қорғап келген.
New York Times басылымының жазуынша, Карранға ерекше таңдау жасалған. Себебі ол агенттіктің Вашингтондағы штаб-пәтерінде жұмыс істемейді. Сондай-ақ қарапайым қызметкер болып тұрып, бірден жоғары лауазымға ие болды. Басқару тәжірибесінің жоқтығына қарамастан, әріптестері Карранды мықты агент деп бағалаған.
Батлер қаласында 2024 жылдың 13 шілдесінде Трампқа шабуыл жасалды. Атылған оқ президенттің құлағын жанып өтіп, ол жарақат алды. Оған шабуыл жасаған 20 жастағы Томас Мэттью Крукс есімді азамат болған. Құпия қызмет өкілдері оны атып өлтірген.