Үкімет Байқоңырдағы ескі «Юбилейный» әуеайлағын жаңғыртпайды. Бұл туралы депутаттардың сауалына берген жауабында премьер-министр Олжас Бектенов айтқан.
Премьер-министр әуежайдың инфрақұрылымы тозып, жарамсыз күйге түскенін алға тартқан. Атап айтқанда, ұшу-қону жолағының бетон жабыны жарылған, маңындағы құрылысжайлар тозған, арнайы техникасы жоқ. Солайша әуеайлақ ұшу қауіпсіздігін
қамтамасыз ету талаптарға сәйкес келмейді деп танылған. Бұдан бөлек әуеайлақта жүк әуе кемелерін қабылдауға және әуе жүктерін өңдеуге қажетті инфрақұрылым да жоқ. Мұндай күйде әуежай Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттарына сай келмейді.
«Осыған байланысты әуежайдың қызметін қалпына келтіру үшін инфрақұрылымдық объектілерді қалпына келтіру, арнайы техника паркін жаңарту және персоналды жинау қажет болады, бұл өз кезегінде қомақты қаржы салымдарын талап етеді», – делінген жауапта.
Үкімет бірге жолаушылар ағынының аз болуын ескере келе, оны мультимодальды авиахаб ретінде пайдалану тиімсіз деп шешкен. Сонымен бірге бұл шешімге Байқоңыр қаласында экспорттық тауарлар өндірісінің болмауы да әсер еткен.
Бектенов әуежайды инвесторлар қалпына келтіруге ниет танытса, Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін айтқан.
Айта кетсек, «Юбилейный» әуежайы 1980 жылдардың басында «Буран» ғарыш кемесінің қонуы мен ғарыш аппараттарын тасымалдаған әуе кемелерін қабылдау үшін салынған. Қазіргі уақытта әуеайлақ 1994 жылғы 10 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешенін жалдау шартына сәйкес Ресей Федерациясына жалға берілген «Байқоңыр» кешені мүлкінің құрамында және Ресей Федерациясының эксперименттік авиация әуеайлақтарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген.
Айта кетейік, Қазақстан әуежайға қаражат жұмсамаса да, Байқоңырдағы бірнеше жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Мәселен, осы жылы Қазақстан Ресеймен бірігіп, Байқоңырда «Бәйтерек» жаңа ғарыш жобасын жүзеге асырмақ. Бұл бағдарлама негізінде экологиялық таза «Союз-5» зымыран тасығыштары әзірленеді. Аталмыш зымырандар улы гептил негізінде ұшатын «Протон» зымырандарын алмастыруы тиіс.