Жаңалықтар

Қырғызстан АҚШ-тан «Керемет» банк пен бірнеше компаниясына салынған санкцияларды алып тастауды сұрады

Керемет банк
«Керемет» банк қаңтар айының ортасында АҚШ-тың санкциялық тізіміне енген болатын / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі Америка Құрама Штаттарынан «Керемет» банк пен ресейлік «Газпром Нефть» ЖАҚ еншілес компанияларына салынған санкцияларды алып тастауды сұрады.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қырғызстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Медер Абакиров АҚШ-тың Қырғыз Республикасындағы Елшісі Лесли Вигериді кездесуге шақырып, санкция мәселесін талқылаған. Кездесу барысында СІМ өкілі «Керемет Банк», «Газпром Нефть Азия» және «Мұнай-Мырза» компанияларын АҚШ-тың санкциялық тізімінен шығаруды сұраған.

Абакиров Қырғызстанның уәкілетті мемлекеттік органдары америкалық серіктестермен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша тұрақты түрде консультациялар өткізіп тұратынын атап өтіп, «Керемет банк» пен аталмыш компаниялардың АҚШ-тың санкциялық тізіміне енуіне қатысты алаңдаушылығын жеткізген. Сондай-ақ аталмыш мекемелердің АҚШ-тың санкциясына ұшырағаны «таңданыс» тудырғанын мәлімдеген.

Осы орайда АҚШ өкілі өз елінің қырғыз компанияларын санкциялар тізімінен шығару үшін өзара қолайлы шешімдерді бірлесіп іздеуге дайын екенін жеткізген.

Еске сала кетсек, АҚШ қырғыздың «Керемет» банкін Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектеседі деп, қара тізімге енгізген болатын. Американың Қаржы министрлігінің (OFAC) мәліметінше, 2024 жылдың жазынан бастап, банк санкцияға ұшыраған «Промсвязьбанкпен» ынтымақтастық орнатып, трансшекаралық аударымдар жасаған.

Ал Американың қара тізімен енген «Керемет» банк OFAC шешімімен келіспейтінін жеткізді. Банк министрлік шешімінің қате болғанын мәлімдеп, қарсы шағым түсіруді жоспарлап отыр.