Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі металл сынықтары мен қалдықтарының экспортына тыйым мерзімін тағы 6 айға ұзартты. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Металл сынықтары мен қалдықтарын экспорттауға салынған қолданыстағы тыйым 6 айға ұзартылды», – делінген хабарламады.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстан Республикасының аумағынан түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын, сондай-ақ пайдалануда болған құбырларды, рельстерді, теміржол төсемінің элементтерін және жылжымалы құрамды темір жол көлігімен әкетуге тыйым салу мерзімін ұзарту туралы бұйрық жобасын жариялаған.
Бұл тыйым отандық металлургиялық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған. Сонымен бірге бұл шешім ел ішінде қайталама металдарды барынша қайта өңдеуге мүмкіндік беріп, неғұрлым жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге жол ашады деп күтілуде.
Атап айтқанда, теміржол немесе трамвай жолдары үшін пайдаланылатын қара металдардан жасалған бұйымдарды, рельстерді, қара металдардан жасалған өзге де құбырларды, түтіктерді және қуыс профильдерді, теміржол локомотивтерінің немесе трамвайдың моторлы вагондарының немесе жылжымалы құрамның бөліктерін, арбаларды және тағы да басқа металдан жасалған бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағынан көліктің барлық түрлерімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынған.
Еске сала кетсек, Қазақстаннан қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын шығаруға тыйым салу мерзімі 2024 жылдың сәуірінде ұзартылған.