Қазақстанда Қазақ тілінің ұлттық корпусы құрылады – Сенат заңды мақұлдады
Қазақстанда Қазақ тілінің ұлттық корпусы құрылады. Сенат мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелеріне қатысты құжатты мақұлдады.
Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды әзірлеген.
Бұл заңға сәйкес, қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін мемлекеттік ақпараттық жүйесі құрылып, Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры әзірленеді. Жүйеде қазақ тілінің барлық стильдері мен жанрларының мәтіндері қамтылады. Ал осы жүйенің ақпараттық-анықтамалығы ретінде Қазақ тілінің ұлттық корпусын құру көзделген. Бұл шаралар негізінде қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеп, генерациялайтын, талдау жүргізетін жасанды нейрондық желіге негізделген қазақ тілінің сөздік қорын қолжетімді ететін ауқымды тіл моделін қалыптасады.
«Бұл түзетулер, қазақ тілін мәдени құндылық ретінде әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді, мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін нығайтады», – дейді депутат Алтынбек Нұхұлы.
Сонымен бірге аталмыш заң шеңберінде, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәлімгерлік институтын реттеу үшін «тәлімгерлік жөніндегі ұйым» ұғымы енгізіледі. Ал тәлімгер болуға үміткер адамдар арнайы ұйымда тәлімгерлік бойынша оқудан өтіп, оларға құқықтық және психологиялық көмек көрсетілетін болады.
Бұдан бөлек заңда дарынды оқушыларды мемлекеттік қолдау және олардың ғылыми қызметін ынталандыру мақсатында халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының соңғы үш жылдағы жеңімпаздары мен жүлдегерлері үшін конкурстан тыс мемлекеттік білім беру гранттарын беру жөніндегі норма көзделген.
«Заңның мақсаты – баланың құқықтарын қорғау, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру», – деді депутат.