Сенатор Марат Қожаев Сингапур сынды дамыған ел болу үшін азаматтар бірінші кезекте заңға бағынып, айыппұлдарды төлеп жүруі керек деп санайды. Бұл туралы депутат Сенат куларында айтты.
«Бұл мәселенің барлығы заңмен реттеліп қойған. Бұл талаптарды орындауға дайынбыз ба? Мәселе сонда. Мәселен, біз бәріміз Сингапур еліне таңғалып жатамыз. Бірақ сіз ол елдің заңына қараңыз. Ол жерде сағызға тыйым салынған. Ал бізде әр қазақ сағызды шайнап, жол үстіне түкіріп кетуді өзінің парызы санайды. Бұл елде сағыз тұтынғаны үшін айыппұл 500 доллар көлемінде», – деді Қожаев.
Депутат айыппұл жазаның бір түрі екенін, бірақ оның елдегі барлық проблеманы шеше алмайтынын айтады. Қожаев үлгі боларлық тағы бір шет елді мысалға келтірді. Айтуынша, көлікті 5 минуттан артық қыздыру туралы ой Германия азаматтарының миына да кіріп шықпауы мүмкін. Өйткені оларда бала кезден экологияға, қоршаған ортаға, қоғамға зиян келтірмеу туралы түсінік қалыптасады. Сондықтан бұл мәселені кешенді түрде шешу үшін шет елдегідей тәрбиеге мән беру керек деп санайды.
Еске сала кетсек, елде көлікті бес миунттан артық қыздырғандарға айыппұл салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Көлік қыздыру уақыты 5 минуттан асса 19 660 теңге (5 АЕК) көлемінде айыппұл қарастырылған.