Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қатысуын әлі тоқтата тұрады. Бұл туралы Армения сыртқы барлау қызметінің ашық баяндамасында жазылған.
«Біз 2025 жылы Арменияның ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтату себептері өзгере қояды деп ойламаймыз. Бұл ұйымның беделі әлі де сұрақ тудырады. Сонымен бірге осы мәседе ұйымға мүше басқа мемлекеттер үшін де «ойға азық» салуы керек», – делінген құжатта.
Сонымен бірге армян барлаушылары Оңтүстік Кавказ және одан тыс елдердің әскери шығындары әлі де арта түсіп, қару-жараққа жұмсайтын қаражаты артады деп болжайды. Құжатта бұл елдердің әскери өнеркәсіпті дамытуды жалғастыра түсетіні жазылған. Мұндай жағдай «Армения сияқты материалдық және материалдық емес ресурстарының қоры аз мемлекеттер үшін асимметриялық тәуекелдерін» арттыра түсуі мүмкін деп болжанады.
Армения барлаушылары Ресей-Украина қақтығысы туралы
Сонымен бірге Армения барлаушылары Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс жақын арада шешіле қоймайды деп болжайды. Құжатта Ресей мен Украинаның 2025 жылы тұрақты және ұзақ бейбітшілік орнатуға мүмкіндік беретін шешімге келуі екіталай екені атап өтілген.
«Нәтижесінде Мәскеу мен ЕО елдері белсенді қарулану, ұзақ мерзімді қорғаныс және экономикалық автономия саясатын жалғастырады. Кез келген сценарий бойынша ресейлік-украиндық қақтығыс Армениядағы қауіпсіздік жағдайына тікелей немесе жанама әсер етеді», – делінген құжатта.
Бұдан бөлек есепте Армения мен Әзірбайжан арасында жаңа әскери қақтығыс бола қоймайтыны жазылған. Дегенмен, Бакумен бейбіт келісім жасалмаса, жергілікті шиеленіс пен шекарадағы шиеленістің өршу қаупі сақталатыны айтылады.
Мәселенің мән-жайы
2024 жылдың ақпанында Армения премьер-министрі Никол Пашинян France24 телеарнасына берген сұхбатында Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім, әсіресе, 2021-2022 жылдары орындалмағанын айтып, қйымға қатысуын тоқатып қойғанын мәлімдеген болатын. Ресми Ереван ҰҚШҰ мен Мәскеудің келісімшарт бойынша міндеттелемелерін орындамай отыр деп санайды.
Біраз уақыт өткен соң Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-ға мүшелігін де-юре тоқтатуы мүмкін екенін де атап өтті. Пашинян егер ұйым республика алдындағы қауіпсіздік міндеттемелерін орындамаса, ҰҚШҰ-ға мүшелігін заңды түрде тоқтататынын жеткізді.
Мұның алдында Арменияның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Армен Григорян республиканың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан «ешқандай үміт күтпейтінін» айтты. Григорян Арменияның бүйрегі Еуро Одаққа қарай бұратынын да меңзеген.