Жаңалықтар

Монополияға қарсы агенттік Астана әкімдігінің тендер өткізуде заңсыз әрекетін анықтады

«Mtex management» ЖШС өзін Астана қаласындағы ең ірі спорттық-мәдени кешендерді басқаратын «бірыңғай» компания деп көрсетеді. /фото: коллаж, бильд-редактор Ахтам Зиперов.

Астана қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі елордадағы Активтер мен мемлекеттік сатып алулар басқармасының әрекетінен монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерін анықтады.

Агенттіктің хабарлауынша, кілтипан «Астана Арена» стадионы, «Барыс Арна» және «Алау» мұз сарайлары секілді үш бірдей спорт нысанын сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру кезінде көрініс тапқан.

«Басқарма аталған нысандарды сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру үшін 2020 жылы тендер өткізген. Тендер нәтижесі бойынша «Mtex management» ЖШС жеңімпаз болып танылып, 15 жылға келісім-шарт жасалған», – дейді агенттік.  

«Mtex management» ЖШС өзін Астана қаласындағы ең ірі спорттық-мәдени кешендерді басқаратын «бірыңғай» компания деп көрсетеді. Құрылтайшыларының тізімінде үш адам көрсетілген. Олар – Мантықова Роза Болатовна, Шапашов Санат Бақытович және Мещеряков Илья Николаевич.

Монополияға қарсы органның мәліметінше, заңнамаға сәйкес, тендерге бәсекелестікті дамыту қағидасын сақтай отырып, барлық ықтимал басқарушылар ортақ шарттармен қатысуы қажет.  Десе де, тендер жарияланған кезде қатысушылардың қатарын шектейтін талаптар қойылған.

Осылайша, Астана қаласының активтер мен мемлекеттік сатып алу басқармасының әрекеті Қазақстанның Кәсіпкерлік кодексінің 194 бабын бұзуға әкеп соққан.

Астана қаласының монопологияға қарсы күрес агенттігі аталған басқармаға заң бұзушылықты жою туралы хабарлама жіберіп отыр.  

Мұның алдында агенттік бәсекелестікті шектеген екі әкімді анықтаған еді.