Жаңалықтар

Өзбекстан полициясы қазақ-өзбек шекарасынан 300 метрлік құбыр арқылы жанармай өткізіп жүрген қазақстандықты ұстап берді

Энергетика министрлігі заңсыз жанармай тасымалына қарсы шара ретінде баға белгілеудің тұрақты моделіне көшетінін хабарлаған болатын/фото: UzA

Өзбекстан полициясы Қазақстан азаматының көмегімен шекарадан заңсыз жанармай тасымалдаған екі Кибрай ауданының тұрғынын ұстап, қазақстандық әріптестеріне олардың қазақ сыбайласын көрсетіп берген.

UzA ақпаратына қарағанда, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Екі өзбекстандық Қазақстаннан Аи-92 маркалы жанармайды заңсыз тасымалдап, Ташкент облысына әкеліп сатып жүріпті.

«Ташкент облысының Кибрай ауданының тұрғындары – 1986 жылы туылған М.М. және 1997 жылы туылған Х.Х. Қазақстан азаматы А.К.-мен өзара келісіп, Қазақстанның Түркістан облысы Сарыағаш ауданы мен Кибрай ауданын жалғайтын 300 метрге жуық жерасты құбырын тартқан», – деп хабарлайды өзбек полициясы.

Қазіргі кезде екі адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жасалып жатыр.

Өзбек полициясы Қазақстанның құқық қорғау органдарына А.К деген азаматқа қарсы шара қолдану туралы хабарлама жіберген.

Мұның алдында Энергетика министрлігі заңсыз жанармай тасымалына қарсы шара ретінде баға белгілеудің тұрақты моделіне көшетінін хабарлаған болатын. Министрліктің дерегінше, көрші елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы АИ-92 жанармайының баға айырмашылығы – 40%-дан 138% -ға дейін, дизель отыны 20%- дан 79%-ға дейін жеткен. Ведомство бұл жайттың тапшылық тудырып, жанар-жағармайды әртүрлі заңсыз схемалар арқылы шетелге тасуға мұрындық болатынын алға тартқан еді.