Павлодарда 10 жасар қызға сексуалды әрекет жасап, азғырған футбол клубының менеджеріне өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
«Сот К.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 121 бабының 4-тармағында, 299 бабының 3 тармағында, 1 ,2-тармақшада көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тапты», – делінген хабарламада.
Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасымен қоса, кәмелет жасына толмағандарға байланысты қызметті, педагогикалық лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
«Жазасын өтеу орны ретінде төтенше қауіпсіздігі бар қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі тағайындалсын», – деп үкім шығарды Павлодар соты.
Сонымен қатар, менеджер жәбірленуші тарапқа 3 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуі тиіс.
Сотта анықталған жайт бойынша, сотталушы 2013 жылы туылған қызды алдап қонақүйге апарған. Ол жерге тіркеліп, нөмірдің ақысын төлеген. Қонақүйдің қызметкеріне қызды «қарындасым» деп таныстырған.
Футбол клубының менеджері сотта «танысыммен алдында ішкен едім, нөмірге қалай келгенімді білмеймін» деп ақталыпты. Сосын психотропты зат қолданып, есін жиған. Сонда өзінің үстінде «мәйке мен шалбары бар екенін, қасындағы қыздың шалбарсыз футболка киіп отырғанын» аңғарыпты.
Берген куәлігіне қарағанда, жәбірленуші қыз қатты қорқып кетіп, жылаған. Менеджер аузын қолымен жапқан. Мұрнына күштеп есірткі сепкен. Психотропты заттың кесірінен баланың жағдайы нашарлаған.
10 жасар қыздың, куәгерлердің берген куәлігінен кейін және сот сараптамасының қорытындысының арқасында сотталушының кінәсі толық дәлелденген.
Іс жабық сот отырысында қаралды.
Мұның алдында Қызылорда облысы Шиелі ауданында 21 жасар жігіт пен 15 жасар қыздың некесін қиған ауыл имамының сөгіс алғаны туралы жазғанбыз.