Жаңалықтар

Түркияда шахтада жарылыс болып, жұмысшылар үйінді астында қалып қойды

Жұмысшыларды шығару жұмыстары басталды/фото: KursivMedia мұрағаты

Түркияның шығысында орналасқан шахтада күшті жарылыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, екі жұмысшы үйінді астында қалған.

Түрік ақпарат құралы İhlas (İHA) агенттігінің хабарлауынша, апат орнында құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

«Аладжакая ауданындағы Элазыг шахтасында жарылыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, үйінді астында екі жұмысшы қалып қойған. Жұмысшыларды шығару жұмыстары басталды», – делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, 22 қаңтарда Польшаның оңтүстігінде Силез воеводасының Кнуров-Щигловиц шахтасында метан жарылып 16 жұмысшы зардап шеккен еді. Шахтадан шыққан 14 адам ауруханаға әкелінген. 16 адамға медициналық көмек көрсетілген. Бұдан өзге, шахтада қалып қойған тағы бір жұмысшыны сыртқа алып шыққан.

Зардап шеккендердің көбінің денесін күйік шалған. Қол-аяғы сынып, жарақат алғандар да бар.

Айта кету керек, 21 қаңтарда «Қазақмыс» компаниялар тобына қарасты Жезқазғандағы «Анненск» шахтасында 39 жастағы жұмысшы қаза тапты.