Мобильді тарифтер тағы да қымбаттайды, министрлік ескертумен ғана шектеле ме?

Жарияланды
мобильный тариф
Қазақстандағы мобильді операторлар бағаны өсіреді / Фото: shutterstock

Осы аптада цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбек еліміздегі мобильді операторларға ескерту жасап, ұялы байланыс пен интернет бағасы өсе беретін болса, елімізде төртінші оператор кіруі мүмкін екенін айтқан. Бірақ бұл әсер етпеген сияқты. Келесі айдан бастап еліміздегі үш оператор да бағасын көтермекші. Kursiv Media мобильді операторлардағы өзгерістерді шолып шықты

Kcell-ге тиесілі Activ бренді 2025 жылдың 26 ақпанынан бастап 23 тарифтің 21-нің бағасын көтерген. Кем дегенде тарифтер 300-700 теңге аралығында қымбаттайды.

Beeline тарифтерін 14 ақпаннан бастап қымбаттатады. 10 тарифтің бағасы 200 теңгеден бастап 1400 теңгеге дейін өседі. Бонус ретінде қосымша қызмет түрлерін қосуға уәде берген.

Дәл осылай Tele2-де тарифтер бағасын өсірмекші. Осы жылдың 11 ақпанынан бастап төрт тариф бағасы 1000 теңгеге көтеріледі, бірақ қосымша бонустар да беріледі. Ал Altel-де тек бір тарифтің бағасы өзгереді. Компанияның түсіндіруінше, бұған желілерді жаңарту, жөндеу жұмыстарын жүргізу және құрал-жабдықтар бағасын көтеруі себеп болған.

«Абоненттік төлемді қайта қараған соң бұдан да сапалы қызмет көрсете аламыз», – деген уәде береді оператор.

Мобильді тарифтердің бағасын кім реттейді?

Мобильді тарифтердің бағасы жайлы мәселе жиі көтеріледі. Вице-министр Асхат Оразбек бағаның өсуі нарықтағы бәсекелестіктің әлсіз болуынан деп түсіндірген еді. Сондай-ақ ол арнайы меморандумға байланысты 2018-2021 жылдар аралығында компаниялар тарифтерді көтере алмағанын айтты. Енді «сол кездегі өсімді қуып жетіп алу үшін белсенді түрде кірісіп» жатыр дейді.

Бірақ баға көтерілгенімен, министрлік Кәсіпкерлік кодексіне байланысты олардың тарифіне тікелей әсер ете алмайды. Дегенмен нарықтағы басқа жағдайлар бағаға ықпал болады деген үмітте. Соның бірі – «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2/Altel) операторының катарлық Power International Holding  (PIH) компаниясына сатылуы. Асхат Оразбектің сөзінше, шетелдік ойыншының нарыққа кіруі қызмет сапасын көтеріп, олардың құнын түсіреді.

«Естеріңізде болса, Tele2 нарыққа кіргенде, Kcell және Beeline-да бағаларын төмендетуге мәжбүр болған. Қай аралықта? Менің ойымша, алдағы жарты жылда жаңа команда компаниядағы жағдайды реттейді. Осы уақыт аралығында ақырындап бір шаралар қолға алады деп сенеміз. Көре жатамыз. Жыл соңына дейін олар тарапынан нарықты жақсартуға қатысты әрекеттер болуы керек», – деді ол.

 Өткен жылы депутат Елнұр Бейсенов елдегі операторлың бағасына қатысты сын айтқан. Оның сөзінше, ұялы байланыс операторлары 2023 жылы тарифтерді 57-59%-ға дейін өсірген.

Сондай-ақ оқыңыз