Шетелде жұмыс істейтін қазақстандық азаматтар да жеке табыс салығы ретінде 10% төлеуі керек. Жаңа Салық кодексіне осындай өзгеріс енгізілмекші. Әлеуметтік желілерде осындай ақпарат тарап жүр. Шетелде жұмыс істейтін азаматтар бұл қаншалықты заңды деген сұрақ қояды. Kursiv.Media осының анық-қанығын тексеріп көрді.
«Әрбір азамат Қазақстан мемлекетінен кетіп шетелде жүріп, жұмыс істеп тапқан табысының он пайызын төлеуі керек екен. Сонда мен өзім тауып, шетелге барып жұмыс істейді екенмін де, келіп Қазақстанға он пайыз салық төлеуім керек екен. Не үшін? «, – дейді инстаграмдағы видеолардың бірінде Англияда жұмыс істеймін деген азамат.
Шетелде жүрген қазақстандықтар салық төлеуі керек
Иә, шын мәнінде шетелде жүрген қазақстандық азаматтар жеке табыс салығын төлеу керек. Бірақ бұл жаңа заңға енгізілетін өзгеріс емес, бұрыннан бар норма.
Салық Кодексінің 338-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістер болып табылмайтын кірістердің барлық түрі Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі (жеке тұлғалардың шет елден тапқан кірісі) көздерден түсетін басқа да кірістер деп танылады.
Яғни қазақстандықтар шетелде ресми түрде жұмыс істеп, табыс тауып жүрсе, ол адамның кірісі дербес салық салуға жататын кіріс деп есептеледі. Демек қай елде жұмыс істесеңіз де, Қазақстан азаматы болсаңыз, елге жеке табыс салығын тапсыруыңыз керек.
«Бұл ретте, аталған заң нормалары жаңадан енгізілген жоқ, қолданыстағы норма екенін назарыңызға жеткіземіз», – деп жазылған мемлекеттік кірістер комитетінің KursivMedia-ға жолдаған хатында.
Сонда шетелге де, Қазақстанға да салық төлей ме?
Осы жерде шетелдік ұйымдарда заңды жұмыс істеп жүрген азаматтарда «екі жаққа да салық төлейміз бе» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Егер ол адам сол жұмыс істеп жүрген елінің заңнамасына сәйкес табыс салығын төлеген болса, онда Қазақстанда салық төлемейді, тек есебін тапсырады.
«Салық кодексінің 638-бабы 1-тармағына сәйкес резидент-жеке тұлғада Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден алған кірістерден шетелдік табыс салығының төленгенін растайтын құжат болған кезде, Салық кодексінің 303-бабында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасындағы жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызылуға жатады», – деп түсіндіреді мемлекеттік кірістер комитеті.
Мәселен, жоғарыда видеодағы тәрізді қарапайым қазақстандық Америкада немесе Ұлыбританияда жұмыс істеп, 1 000 000 теңге табыс табуы мүмкін. Бірақ ол сол елде 10% көлемінде салық төлеген және оны растайтын құжаттары бар. Демек сол құжатты Қазақстандағы органдарға көрсетеді, тиісінше елде жеке табыс салығын төлемейді.
Ал шетелде жүріп 10%-дан аз (мысалы 8 пайыз) салық төлесе, онда қалған 2% салықты Қазақстанға төлеуі керек.
«Сол себепті, әлеуметтік желіде таралған жеке тұлғаның шет елден табыс алған жағдайда шет елге 10 пайыз, Қазақстанға 10 пайыз салық төлейді деген уәжі негізсіз екенін хабарлаймыз», – деп жазады мемлекеттік кіріс комитетінің өкілдері
Жеке табыс салығы – азаматтың тапқан кірісінен 10% көлемінде алынатын салық. Оның қалай есептелінетіні туралы мына жерден оқи аласыздар.