Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігі мен қалдықтары қазір қайда?
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы ұшағының қара жәшігі тергеу тобында екенін мәлім етті.
«Қара жәшік қазір тергеу тобының қарамағында. Материалдар қара жәшікте. Сондай-ақ ұшақтың бөліктері де Ақтаудағы ангарда. Оларды тиісті халықаралық мамандар зерттеді. Қорытындысын енді береді» деді ол «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы туралы баспасөз конференциясында.
Бозымбаев материалдар әуе апаттарын тергейтін көлік министрлігіне қарасты басқа топта екеннін атап өтті. Оның айтуынша, не, қалай болғанын, экипаж кәсібилігін қаншалықты көрсетті, қандай пәрмен берілді деген сияқты нәрселер материалдарды ашқаннана кейін белгілі болады.
Бұған дейін, Бразилиядағы CENIPA орталығы Ақтауда құлаған ұшақ «қара жәшігінің деректерін Қазақстанға жолдаған.
Айта кетейік, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines компаниясының Баку-Грозный рейсін орындауға көтерілген Embraer ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған. Апаттан 38 адам қаза тауып, 28 адам аман қалды. Әзербайжан тарапы апатқа әуе кеңістігін жаппаған Ресейді кінәлайды.