Керіш бұғазына төгілген Ресей мазутының салдарынан мыңдаған құс қырылуы мүмкін

Жарияланды
Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

BBC Verify зерттеген спутник суреттері Ресей мен аннексияланған Қырымды бөліп тұрған Керіш бұғазында үлкен мұнай дақтары таралғанын көрсетті. Дақ 15 желтоқсанда апатқа ұшыраған екі мұнай танкерінен аққан мазут екені белгілі болды.

Бүгінде төгілген мазут массасы 5 мың тоннадан асып, Қара және Азов теңізінде 400 шаршы шақырымға таралған. Ресей ғылым академиясы ғылыми бөлімінің жетекшісі Виктор Данилов бұл апатты XXI ғасырдағы ең үлкен «экологиялық апат» деп атаған.

Даниловтың айтуынша, мұнай қаңтар айының соңына қарай Одессаға жетіп, Румыния, Болгария және Түркия жағалауларына дейін таралуы ықтимал.

Greenpeace экологиялық ұйымы M100 мазуты судың бетінде ұзақ уақыт тұрмайтынын, оның теңіз микроорганизмдері арқылы биологиялық ыдырауы ондаған жылдарға созылуы мүмкін екенін айтқан.

Кейбір сарапшылар бұл жағдай аймақтағы теңіз өміріне үлкен зиян келтірді деп санайды. BBC Verify растаған кадрларда құстардың мұнайға былғанғаны көрінеді. 

Ресейлік шенеуніктер 6000 құс «реабилитациялық орталықтарға» жеткізілгенін хабарлаған. Бірақ олардың қаншасы аман қалатыны белгісіз. Ставрополь өлкесінде жергілікті құс қорықтары мұнайға малынған 1051 құс жеткізілгенін, олардың тек 17%-ы ғана тірі қалғанын мәлім етті.

Краснодар өлкесінде мұнай төгілгенінен кейін жағалаудан 70-ке жуық дельфин өлі табылған.

Виктор Данилов «апаттан мыңдаған құс, көптеген дельфин қырылып, жағалаудағы флора мен фаунаға үлкен зиян келеді» деп болжайды.

Қос танкер 15 желтоқсандағы дауыл салдарынан апатқа ұшыраған. «Волгонефть-239» кемесі дауылдан кейін ашық теңізге шығып кетсе, «Волгонефть-212» суға батып кеткен.

Ресей аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, екі кеменің капитанын тұтқынға алған.

Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытында 30 тонна жанармай төгілген.

Сондай-ақ оқыңыз