Депутат: Көлігіңіз тұрғындарға кедергі келтірмесе, 55 минутқа дейін қыздырыңыз
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева фейсбуктегі парақшасында «көлік қозғалтқышын 5 минуттан артық қыздыруға болмайды» дегенге байланысты түсінбеушілік бар екенін жазды.
Депутаттың айтуынша, «Жол қозғалысы туралы» заң мен Жол қозғалысы ережелерінде ондай шектеу жоқ.
«Ал «5 минут» қайдан шықты?
Снежанна Имашева мұны түсіну үшін алдымен тұрақ ұғымын қарастыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, заңға сәйкес, тұрақ – жолаушыларды түсіру немесе отырғызу, көлік құралын жүктеу немесе түсіру сияқты жағдайларды санамағандағы көлік құралын 5 минуттан артық әдейі тоқтату. Яғни, 5 минуттан артық тоқтау – тұрақ болып саналады.
«Егер қозғалтқышыңыз қосулы болғанымен, тұрғындарға еш қолайсыздық туғызбаса, онда әкімшілік құқықбұзушылық жоқ. Ал егер сіз үлкен шу шығаратын және айналаны түтінге толтыратын КамАЗ немесе трактордың жүргізушісі болсаңыз және тұрғын үй ауласында қыздырып тұрсаңыз, тұрғындар шағымдануы мүмкін. Мұндай жағдайда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабы (Көлік құралдарының тоқтауы немесе тұрақ ережелерін бұзу) бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Қорытынды:
Егер сіз адамдарға айтарлықтай қолайсыздық туғызбасаңыз – қыздырыңыз!» дейді депутат.
Бұған дейін, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салатын норма заңда 20 жылдан бері бар екенін мәлімдеген. Алайда министр көлігін 5 минуттан артық қыздырғандардың бәріне бас салып айыппұл салынбайтынын, әлдекімнен шағым түсіп, ол дәлелденсе ғана айыппұл қарастырылатынын жеткізген.
Сондай-ақ жуырда мәжіліс депутаты Серік Ерубаев көлікті 5 минуттан артық қыздыруға айыппұл салуға қатысты нормаларды қайта қарау туралы ұсыныс білдірген.