Қазақстанда салынатын үш ЖЭО-ға Ресей иелік ете ме?

Жарияланды
Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда Ресейдің қатысуымен салынатын жылу электр станцияларына кім иелік етеді. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы туралы баспасөз конференциясында журналистер осы сұрақты спикерлерге қойды.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бұл ақпарат шындыққа сай келмейтінін айтты.

«Бұл жалған ақпарат» деген Қанат Бозымбаев энергетика вице-министрінен жауапты толықтыруды сұрады.

«Өздеріңіз білесіздер ғой, үш жылу орталығын салу туралы үкіметаралық келісім бар. Жұмыс жасалып жатыр. Тапсырыс беруші ретінде «Самұрық-Энерго» компаниясы бекітілген. Ресей тарапы стансаларды мердігер ретінде салады. Ол салынып болғаннан кейін, «Самұрық-Энерго» компаниясына тиесілі болады», – деді Сұңғат Есімханов

Есімханов жылу орталықтары құрылысының жобалық құжаттары дайын болмағандықтан, құрылыстың құны әзірге нақтыланбағанын атап өтті.

Бұған дейін Қазақстан Ресеймен Көкшетау, Семей және Өскеменде үш жаңа көмір ЖЭО салу туралы келісімге қол қойған. Жобалар бойынша уәкілетті ұйым ретінде Ресейден «ИНТЕР РАО – Экспорт» ЖШҚ және Қазақстаннан «Самұрық-Энерго» АҚ болып белгіленген.  

Айта кетейік, экс-ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ЖЭО құрылысына қанша қаржы керек екені 2025 жылдың басында ғана белгілі болатынын мәлім еткен.

Сондай-ақ оқыңыз