СҚО-да көлікті 5 минуттан артық қыздырған азаматтың айыппұлы жойылды

Жарияланды

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы Петропавл қаласының тұрғынына автокөлікті 5 минуттан артық жылытқаны үшін салынған әкімшілік айыппұлды алып тастағанын хабарлады.

Прокуратура мәліметінше, Петропавл қаласы полиция басқармасының лауазымды адамы облыс орталығының тұрғынына көлік құралын 5 минуттан артық жылытқаны үшін айыппұл салған.

Алайда прокурорлар полиция қызметкері әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізу кезінде процестік бұзушылықтарға жол берді деп тапқан. Өйткені құқық бұзушының кінәсі дәлелденбеген.

«Петропавл қаласы прокурорының наразылығы бойынша полиция органдарының әрекеттері заңсыз деп танылды, ӘҚБтК-нің 597-бабы 1-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды» делінген хабараламада.

Бұған дейін, мәжіліс депутаты Снежанна Имашева «көлік қозғалтқышын 5 минуттан артық қыздыруға болмайды» дегенге байланысты түсінбеушілік бар екенін айтып, көлік тұрғындарға кедергі келтірмесе, 55 минутқа дейін қыздыруға болатынын мәлім еткен.

Сондай-ақ экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев көлігін 5 минуттан артық қыздырғандардың бәріне бас салып айыппұл салынбайтынын, әлдекімнен шағым түсіп, ол дәлелденсе ғана айыппұл қарастырылатынын жеткізген.

Сондай-ақ оқыңыз