Таразда өзін өртемек болған ер адам үй кезегін жылжытуды талап еткен
Тараздағы орта мектептердің бірінің жанында өзін өртемек болған ер адам тұрғын үй кезегін жылжытуды талап еткені белгілі болды. Бұл туралы KursivMedia-ға қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жергілікті атқарушы орган өкілдері азаматқа кезектілікті сақтау қажеттігін бірнеше рет түсіндірген болатын, өйткені кезектілікті бұзу тұрғын үй алуға үміткер басқа азаматтардың құқықтарын шектейді.
Азамат М. өзін өртемек болды, бірақ оны ТЖД және полиция қызметкерлері жедел түрде сөндірді. Жедел жәрдем дәрігерлері оны тексеріп, ауруханаға жатқызу қажет еместігін анықтады. Кейін ол қосымша тексеру үшін полиция басқармасына жеткізілді», – делінген әкімдік хабарламасында.
Бүгін ТЖМ Таразда ер адам үстіне бензин құйып, өзін өртемек болғанын хабарлаған. Өрт сөндірушілер лезде әрекет етіп, тұрғынды аман алып қалған. Ер адамды жеңіл күйік шалған.
Айта кетейік, былтыр Маңғыстау облысы әкімдігі алдында ер адам өзін өртеп жіберген. Ол облыс әкімі өзін қабылдауын сұрап, аймақ басшысымен кездесе алмаған.