Бизнес-барометр: орта және шағын бизнес өкілдері 2025 жылдан не күтеді?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

2024 жылы Қазақстандағы шағын және орта бизнестің көңіл-күйі құбылмалы болып, IV тоқсанда іскерлік белсенділік төмендеген. Десе де ШОБ өкілдерінің 2025 жылдан үміті көп. Қолайлы макроэкономикалық саясат пен сыртқы факторлардың тұрақтылығы бизнестің өсуіне жағдай жасауы мүмкін. Бірақ қаржының аздығы мен сұраныс динамикасы бизнестің ұзақ мерзімді жоспарларын жүзеге асыруға әсер ететін негізгі фактор болып қала береді.

United Research Technologies Group (URTG) компаниясы Қазақстандағы шағын және орта бизнестің (ШОБ) жағдайын бағалау мақсатында жүргізген кешенді зерттеу нәтижесінде осындай қорытынды шығарған.

Зерттеуге 500 бизнес субъектісі қатысты, олардың арасында сауда, қызмет көрсету, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өкілдері бар.

2024 жылы шағын және орта бизнестің жағдайы қандай болды?

United Research Technologies Group макроэкономикалық бағыттағы бас сарапшысы Салтанат Мұхамбеталиеваның айтуынша, 2024 жылы Қазақстандағы ШОБ-тың көңіл-күйіне жоғары құбылмалылық тән болған. Жыл басында бірқатар іскерлік индекстер 50 ұпайдан төмен болып, пессимистік аймақта орналасқан.

Алайда II тоқсанда маусымдық факторлар мен даму институттарының қолдауы аясында іскерлік белсенділік күрт артты. Бұл өсім III тоқсанда жалғасқанымен, баяулау байқалып, IV тоқсанда белсенділіктің төмендеуіне әкелді.

IV тоқсанда Іскерлік көңіл-күй индексі (ІККИ) соңғы үш тоқсандағы өсімнен кейін алғаш рет төмендеді. Индекс 2,7 ұпайға құлдырап, 69,2 ұпайды құрады, бұл III тоқсандық максимумнан кейінгі ең жоғары көрсеткіш болған. ІККИ құрамындағы субиндекстердің ішінде инвестицияларға қатысты көрсеткіш 6,5 ұпайға азайып, 68,9 ұпайды құрады. Оған бизнес кеңеюінің баяулауы және қаржыландыру мүмкіндіктерінің шектелуі себеп.

Жыл соңында іскерлік белсенділік төмендеді

Сонымен қатар, іскерлік белсенділік индекстері IV тоқсанда төмендеуін жалғастырды. Өндірістік сектор индексі 7,2 ұпайға азайып, 60,9 ұпайды құрады, ал қызмет көрсету секторының индексі 5,3 ұпайға төмендеп, 56,6 ұпайға түсті.

Әсіресе құрылыс саласында белсенділік 14,2 ұпайға төмендеп, 60,4 ұпай деңгейінде қалыптасты. Сауда мен ауыл шаруашылығы салалары да төмендеу көрсетті, бірақ өнеркәсіп салыстырмалы түрде тұрақтылықты сақтады.

Сыртқы факторлар Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

Сыртқы факторлардың әсеріне келер болсақ, зерттеуге қатысушылардың 43,3%-ы бұл факторлар Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер етпейді деп есептейді .Ал 20,3%-ы экономика нашарлайды десе, 20,9%-ы жағдай жақсарады деген үмітте.

Негативті факторлар ретінде респонденттер теңге бағамының әлсіреуі, жылжымайтын мүлік бағасының өсуі және коммерциялық жалдау құнының жоғарылауын айтқан.

Ал позитивті факторлар ретінде жаңа логистикалық мүмкіндіктер мен мұнай бағасының өсуін атап өткен.

Сондай-ақ оқыңыз