Қазақстанда кейінгі 2 жылда қосымша құн салығын 12%-дан 20 пайызға дейін көтеру мәселесі көтеріліп келеді. Үкімет қабырғасында осы мәселе талқыланып жатыр. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бұл мәселе кәсіпкерлер және сарапшылар қауымдастығымен жан-жақты талқылануы керек екенін айтты.
Осы ретте вице-премьер қолданыстағы жүйені ескере отырып, ҚҚС мөлшерлемесі көтерілсе, бұл салықтың мәні бұрмаланып кететінін айтады. Ол сатудан түсетін салыққа айналмақ. Өйткені экономиканың едәуір бөлігі ерекше режимде жұмыс істейді. Олар қосымша құн салығын төлемейді.
«ҚҚС – деген сатылымнан алынатын қосымша салық. Қазіргі жағдайда бірден көтерілер болса, ол елдегі бизнестің жағдайына кері әсер етеді», – деді вице-премьер.
Ал Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов салық көтерілсе, бюджеттің бүйірі толығып, Ұлттық қордан қаржы алу да азаятынын айтады. Экономикалық өсімді ынталандыратын қосымша қаржы құйылып, халық тұрмысының түзелуіне әсер етеді деп тұжырымдайды.
2025 жылы Қазақстан бюджетіне салық жоспардан 4 трлн теңгеге кем түсті. Бюджетке салық жоспардан кем түскен соң, Үкіметтің Ұлттық қордан қаржы алуы көбейді.