Шанхайда гуманоид роботтарды оқытуға арналған әлемдегі ең ірі орталық ашылды. Бұл орталықта бір уақытта 100 роботты оқытуға болады, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1000-ға дейін ұлғайтылмақ. Бұл туралы China Daily хабарлады.
Орталықтың негізгі мақсаты – гуманоид роботтарды әртүрлі салаларда қолдану үшін олардың интеллектуалдық және физикалық мүмкіндіктерін дамыту.
Оқу орталығы National and Local Co-Built Humanoid Robotics Innovation Center ұйымына тиесілі және Шанхайда орналасқан. Орталық 2025 жылдың соңына дейін роботтардың физикалық параметрлері бойынша 10 миллион жоғары сапалы деректер жинауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар орталық жақында Deep Snake деп аталатын гуманоид роботтың екінші нұсқасын ұсынбақ.
Гуманоид роботтар нарығының дамуы
Қытай гуманоид роботтарды дамытуға және оларды өмірдің түрлі салаларына енгізуге баса назар аударып жатыр. Бұл бағытқа жасанды интеллект пен робототехника саласындағы жаһандық көшбасшылыққа ұмтылу және елдегі халықтың қартаю мәселесін шешу ықпал етіп отыр. 2024 жылы Қытайдағы гуманоид роботтар нарығы 2,76 миллиард юаньға (379 миллион доллар) бағаланған болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 16,7 миллиард юаньға, ал 2030 жылы 86,1 миллиард юаньға жетеді деп болжанып отыр..
Сонымен қатар, биыл Қытай астанасында гуманоид роботтарға арналған алғашқы әлемдік жарыстар өтпек. Сәуір айында «Тяньгун» атты электрлік гуманоид жүгіруден марафонға қатысады. Биіктігі 1,63 метрді құрайтын робот сағатына 6 км жылдамдықпен жүгіре алады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қытайда ұшатын көлік шығаратын зауыт салынатыны туралы жазған едік.