Жаңалықтар

Астанада картопқа енгізілген шектеу алынып тасталды

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы апта сайын көлемі 200 тоннадан асатын картоптың интервенциясын жүргізеді/фото: KursivMedia мұрағаты

Астана қаласындағы ірі сауда желілерінде картоп сатуға салынған шектеу алынды. Бұл жөнінде Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы хабарлады.

Басқарманың мәліметінше, бүгінде картоп тапшылығы жойылған. Бұл азық-түліктің түрі қаланың сауда нүктелері мен базарларына жеткілікті көлемде әкелінген. Құзырлы орган картоп қорын жасауға уәде беріп отыр.

«Бүгінгі таңда картопты сатуға шектеулер алынды, тапшылық жоқ. Өнім қаланың сауда желілері мен базарларының сөрелерінде жеткілікті көлемде ұсынылған, ал оның қорлары уақтылы толықтырылып отырады», – деп хабарлады басқарма.

2025 жылы 22 қаңтарда «Small» және «Spar» сауда желілерінің әкімшіліктері картоп сатуға шектеу қойған болатын. Бір адамға бес келіден артық сатып алуға тыйым салынды. Бұл желі әкімшілігінің хабарлағанына қарағанда, бұл шара тапшылықты пайдаланып, алып-сатарлыққа тосқауыл қою, көтерме сатып алуға жол бермеу үшін жасалған. «Small» және «Spar» сауда желілерінде картоп бір килограмына 280 теңгеден сатылған.

«Астанада картоптың тұрақты бағасын қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылданды. Айналым тетігі шеңберінде қаланың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы апта сайын көлемі 200 тоннадан асатын картоптың интервенциясын жүргізеді», – деп хабарлады басқарма.

Мұның алдында «Магнум», «Смолл», «Анвар» және «Дина» сауда желілері 1,5 мың тонна картоп сатып алатыны туралы жария еттік. Олардың фермерлермен тікелей келісімшарт жасайтынын, шаруашылықтардан өздері келіп, картоп алып кететінін жазғанбыз.